РЕКТОР. Япыр-ау, сен тарихшы емес пе едің?
«ЗАОШНИК». Қызметтің реті солай болды… Уақытыңызды алғаныма кешіріңіз. Ауыл-село мәдениет қызметкерлерінің республикалық жиналысына келіп едім, қазір қайтып бара жатырмын. Маған берген тәрбиелеріңіз бен жоғары білімдеріңізге рақмет айтқалы әдейі бұрылып едім.
РЕКТОР. Біз саған жоғары білім емес, диплом берген екенбіз. Біздің жұмысымыздағы бұл да бір кемшілік болғаны ғой. Қайтеміз, жолың болсын… Қайда жүрсең де аман бол!..
«ЗАОШНИК». Сау болыңыздар! (Шығып кетеді). Пауза. Ректордың кабинетінде торшер жанып тұр. Ректор жазу жазып отыр. Аяғының ұшымен басып Секретарь қыз кіреді. Ол үнсіз кеп тұрады. Ректор басын көтергенде, қызды көреді.
РЕКТОР. Сен… сен әлі қайтпағансың ба? Қыз жауап бермейді. Ректор орнынан тұрып, оның қасына келеді.
РЕКТОР. Неге үндемей тұрсың? Маған неге кірдің?! Қыз теріс айналып, көзіне жас алады.
РЕКТОР (шошып). Ой, сен… мұның не? Жылағаның қалай? Не болды, айтшы, а?
СЕКРЕТАРЬ ҚЫЗ. Ертең… Министрлікке мен де барамын…
РЕКТОР. Міне, мәселе қайда! (Күледі). Оған сені жібермейді… Сондай нәрсеге бола кісі жылай ма екен! Қоя ғой! Жылама. Үйде анаң сені күтіп, екі көзі төрт боп отыр ғой. Үйге қайт. Машинамен бар да сонан кейін маған жібер. Келістік пе?
СЕКРЕТАРЬ ҚЫЗ. Жоқ. Мен сізбен бірге қайтам.
РЕКТОР (аздап сасқалақтап). Жарайды. Мақұл. Бірақ, сәл күте тұруға тура келеді. Күні бойы қызметтен қол тимейді. Ғылыми жұмысқа түнді арнамасқа лаж жоқ. Әйтсе де, мен тездетейін. Сен осында күте тұр. Міне, міне, мына креслоға отыр. (Қызды жайлы креслоға отырғызады). Мына журналдарды оқы… Ал мен, мына мақаланы бітіре салайын. Бір журналдың арнайы тапсырмасы еді. Саған ыңғайлы ма?
СЕКРЕТАРЬ ҚЫЗ. Иә, ыңғайлы. (Журнал қарай бастайды). Ректор қолайсызданып, сәл үнсіз тұрады да, орнына барып отырады. Үнсіздік. Әлден соң телефон шырылдайды. Ректор Секретарь қызға таңдана қарап, иығын қозғайды да, трубканы көтереді.
РЕКТОР. Иә.
ТРУБКАДАҒЫ ДАУЫС (2-ректор). Мен ғой. Ректор досың. Танымай қалдың ба?
РЕКТОР. Мұндай кезде сені телефон соғады деп кім ойлаған. Хал-жағдайың жақсы ма?
ТРУБКАДАҒЫ ДАУЫС. Жаман емес. Жаңа үйіңмен сөйлесіп ем, сені қызметте деген соң хабарласып отырмын.
РЕКТОР. Тыныштық па?
ТРУБКАДАҒЫ ДАУЫС. Ана жағдайды мен естігем. Кеше министрлікте болдым. Алло, тыңдап тұрсың ба?
РЕКТОР. Иә, айта бер. Сонымен не дейсің?
ТРУБКАДАҒЫ ДАУЫС. Жағдайың қиындау екен. Коллегия мүшелерінің пікірі сен жағында емес. Қанша дегенмен, екеуміз бірге оқыған дос едік қой, жамандыққа қиғым келмей саған телефон соғып отырмын.
РЕКТОР. Не ақыл айтасың?
ТРУБКАДАҒЫ ДАУЫС. Саған қарсы бұлтартпас фактілер бар екен. Тіпті, столыңның үстінен ақша да табылыпты. Ол ақшаны әйелің сумкасына салып әкеткен көрінеді. Өзге фактілерді қойғанда, осының өзі жетіп жатыр.
РЕКТОР. Естігем. Бәрі жала.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27