РЕКТОРДЫҢ ҚАБЫЛДАУ КҮНДЕРІ

Ініңізді білемін, естіп жүрмін, орташа оқыды, оны институтқа бірден мұғалім етіп қалдыра алмаймын. Және кадр мәселесін өзіміз емес, оқу министрлігімен ақылдаса отырып таңдаймыз.

КІСІ. Егер сіз рекомендация берсеңіз…

РЕКТОР. Жалғыз өзімнің рекомендация беруге правом жоқ. Оны кафедра шешеді, сонан соң ректоратта қаралады.

КІСІ. Ім-м… Түсінікті. (Орнынан тұрады). Кімнің қалай орналасып жатқанын да есітіп жүрміз-ау…

РЕКТОР. Іһм… Шыныңды айтқаныңыз дұрыс болды. Бұл сөз маған жолықпай тұрып та ойыңызда болған ғой. Егер мен сіздің айтқаныңызды орындаған болсам, сөз жоқ, сырыңыз сыртқа шықпас еді. Солай ма, сіз бұған қалай қарайсыз?

КІСІ. Демек, біраз нәрсеге көзімнің енді жеткені.

РЕКТОР (күліп). Кешіріңіз, кінәмді күлкімен жуайын деген ойым жоқ. Тек сыйласатын адамдарымның мен туралы не ойлайтынын енді ғана біліп, соған күліп отырмын. Мені ренжіді екен деп, немесе келеке етті деп ойлап қалмаңыз.

КІСІ (үнсіздіктен соң). Сау болыңыз.

РЕКТОР. Сау болыңыз. Кісі шығып кетеді. Манадан бері өзін еркін ұстап, темекі шегіп, газет қарап отырған кісі газетін төмен түсіріп, баяу тіл қатады.

2-РЕКТОР. Қалай, үй ішің аман ба?

РЕКТОР. Шүкір, аманшылық. Үлкеніміз бес күн болды, ауруханаға түсіп қалған. Тауға шығамыз деп суық тигізіп алыпты.

2-РЕКТОР. Қазір қалай?

РЕКТОР. Рақмет, тәуір сияқты. Өздерің қалайсыңдар?

2-РЕКТОР. Аманшылық… Ім…м… Жаңағы кісіні ашуландырып жібердің ғой, танысың ба еді?

РЕКТОР. Иә, танысым. Кей кісілерге таң қалам, буынсыз жерге пышақ салады да, өтпесе біреуге өкпелейді.

2-РЕКТОР (басын шайқап күледі). Болады, болады… Бес жылдан бері ондай-ондайдың талайын көргенбіз. Адамдардың бәрі бірдей емес қой. Ректор болғаныңа бір жылдан жаңа асты, әлі мұндай ұсақ-түйекке көңіл де бөлмейтін боласың. Жалпы, институттың жағдайы қалай, атмосферасы жақсы ма?

РЕКТОР. Жаман емес. Маған дейін де қалыптасып қалған оқу орны ғой. Тек, бір кафедраның оқытушылары арасында келіспеушілік бар екен, жақында ректоратта қарап, тәртіпке шақырдық.

2-РЕКТОР. Не шара қолдандың?

РЕКТОР. Кафедра меңгерушісіне ескерту бердік.

2-РЕКТОР (газетке карап). Жұмсақтық жасағансың. Әуелгі кезде қатал болу керек.

РЕКТОР. Сонда қалай, аты Одаққа белгілі профессорды қызметінен алуым керек пе еді?

2-РЕКТОР. Кейде ол да қажет, әрине, ретін тауып. Сені қолынан іс келеді деп әдейі осында жіберіп отыр, так что, бір-екі жылсыз саған ешкім пәлен дей қоймайды. Алғашқы кезде қатал талап қойып, керек жерінде шара қолданып бет көрсетіп алсаң, кейіннен саған ешкім қарсы келе алмайды.

РЕКТОР. Келешекте маған біреу қарсы келер деп олардың алдын орынсыз қаталдықпен орауым керек пе?

2-РЕКТОР (орнынан тұрып, әрі-бері жүріп). Ім-мм… қалай десем екен… Жалпы, бірінші басшы мен қызметкерлердің арасы ашу-аразсыз, ренішсіз болмайды ғой. Көптің аты көп, жұрттың бәрімен тіл табысу, бәріне бірдей үңілу мүмкін емес. Біреумен қарым-қатынасың түзу болса, сол адамды ұнатпайтын екінші біреу сенімен қарадай жүріп қарсы бетке шығады. 

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27