РЕКТОРДЫҢ ҚАБЫЛДАУ КҮНДЕРІ

Парыз туралы» деген кітабынан үзінді тыңдағандай болдым ғой. Одан қорытынды шығарып көрерміз… Әділдік пен азаматтықты ұрандап, өзің де бұра тартып жүрсің-ау! (Күледі). Білеміз, білеміз, таңданбай-ақ қой. Ішкі жағдай сырттағыларға тезірек жетеді және толық жетеді.

РЕКТОР. Ол не жағдай?

2-РЕКТОР. Осыдан екі ай бұрын кандидаттық диссертация қорғаған жігіттің фамилиясы кім еді? Жақының еді ғой, есіңде шығар?

РЕКТОР. Есімде.

2-РЕКТОР. Әрине, есіңде. Есіңнен шыққан жағдайда да жақынды  есіңе түсіруге тура келеді. РЕКТОР. Неге?

2-РЕКТОР. Ғылыми советтің жұмысына араласып, оппоненттерді өзің таңдайсың. Шығып сөйлеушілердің сөзі күні бұрын ұйымдастырылыпты. Министерство бұл мәселені жуықта коллегияда қарамақ. Алдын алғайсың.

РЕКТОР. Дәлел?

2-РЕКТОР. Дәлелдейтін ештеңе жоқ. Сол жаққа жеткізгендер фактіні тізген де берген.

РЕКТОР. Ал, саған керек болса! Сонда мен оппонент дайындағанмын, мақтау сөз ұйымдастырғанмын?! Бұл қандай жаңалық! Ол жігітті танитыным рас, ғылыми жағынан көмек те бердім. Бірақ, ешқандай туыстық қатысым жоқ. Тіпті, туысым болған күннің өзінде оның осы институттың ғылыми советінде диссертация қорғауға правосы бар ғой. Зерттеп жүрген тақырыбы тың, алған нәтижелері мақтауға тұрарлық. Мен танитын болғандықтан, ол диссертация қорғамауға тиіс пе? Ал, жарайды, мен ұйымдастыра қояйын, ВАК деген бар емес пе? Егер жазылған еңбектерде ғылыми мән болмаса олар да бекітпес еді ғой.

2-РЕКТОР. ВАК-тегілер де адам. Москвадан мақтап пікір жазған доктордың аттестациялық комиссияда танысы жоқ дейсің бе?

РЕКТОР (ұзақ ойланып жүріп). Мейлі, коллегияда қалай талқыласа, солай талқыласын. Ғылыми еңбек диссертанттың қолында, авторефераты шыққан, қажет болса, соған жүгінеміз.

2-РЕКТОР. Сен ол үшін маған ренжіме, мен тек достық көңілмен алдын ала ескертіп отырмын, басқа пиғылым болса түк білмеген кісідей үнсіз кете берер едім. Кейде әділдігіңді дәлелдей алмай қалатын кезің болады, соны ескерткенім ғой. (Сағатына қарап). Мен біраз кешігіп қалдым-ау деймін. Қазір сағат он бірде қабылдау комиссиясымен жиналыс өткізуім керек еді, кетейін. Сау бол!

РЕКТОР. Келгеніңе рақмет. Сау бол. (Қолын ұсынады).

2-РЕКТОР. Алдағы жексенбіде аң аулауға барайық. Жұмыс басты боп кеттік қой. Сол ауданның бірінші хатшысы келіп кетіңдер деп шақырып қоймай жүр. Мылтық ұстай алушы ма едің?

РЕКТОР. Шүріппені баса аламын… Бірақ, қазір оған уақыт қайда. Қабылдау емтихандары бітсін, студенттерді ауыл шаруашылығы жұмыстарына жіберіп болайық. Сол кезде барармыз.

2-РЕКТОР. Жарайды, солай-ақ болсын. (Шыға береді де, әлдене есіне енді ғана түскендей, кейін бұрылып даусын сәндеп). Айтпақшы, мына бір қағазды ұмытып барады екенмін ғой. (Қалтасынан абитуриенттердің фамилиясы жазылған қағаз ұсынады). Біреуі физика, біреуі биология факультеттеріне документтерін ертең тапсырады.

РЕКТОР (қолына қағазды ұстап, аңырып тұрып қалады). Мынауың… заңсыздық қой. Бұл менің қолымнан келмейді.

2-РЕКТОР. Аһа-һа-һа-һа-һа! Ертегі айтуға шеберсің-ау!.. Аһа-һа-һа… Жарайды, осы екеуі-ақ. Кейін хабарласармын. (Ол шығып кетеді. Ректор кабинеттің ортасында тұрып қалады).

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27