РЕКТОРДЫҢ ҚАБЫЛДАУ КҮНДЕРІ

Пауза. Жарық сөнеді де, қайта жанады. Ректор өз орнында отыр. Есік ашыльт, тағы бір портфель көтерген орта жастағы кісі кіріп келе жатады. Есік ашылғанда ар жағынан Шалдың басы көрініп, «Шырағым-ау, мен едім ғой, қашанғы күтемін!» — деп айғайлаған даусы естіледі. Бұл бір саусағын көтереді де, есікті жаба қояды.

ДОЦЕНТ. О-о, сәләмәтсіз бе! (Жалпаңдап қол алысып амандасады). Хал-жағдайыңыз жақсы ма?

РЕКТОР. Шүкір, шүкір.

ДОЦЕНТ. Балаңыз ауруханада деп естіп едім, қазір қалай? Барып шығу керек еді, күнде ертеңмен қол тимейді. Оның үстіне, төртінші курстың студенттері соңғы емтихандарын тапсырып жатыр…

РЕКТОР (жарайды, болды дегендей қолын сәл көтеріп). Үлгерімдері қалай?

ДОЦЕНТ. Жаман емес. Бүгін бітемін, ертең екілік алған студенттерден қайта емтихан қабылдаймын. Імм… Қызметке келген бойда маған кірсін деген екенсіз…

РЕКТОР. Мен кеше сағат төртке келсін деп едім…

ДОЦЕНТ. Аһ, солай ма еді! Кешіріңіз! Деканаттағы секретарь қыз маған әлгінде ғана айтты. Ойпырмай, ол қызда да ес қалмаған шығар. Кешегі сөзді бүгін айтқаны несі екен оның, ә!

РЕКТОР (ойланып). Жарайды, мен сіздердің біреулеріңізді ұялтқалы отырған жоқпын. Мәселе онда емес. Айтыңызшы, үлгірмей қалған студенттердің бәрі бірдей білімсіз деп ойлайсыз ба?

ДОЦЕНТ (таңданып). Түсінбедім.

РЕКТОР. Екілік алған студенттердің бәрі бірдей білімсіз деп ойлайсыз ба?

ДОЦЕНТ. Імм… мм.. Қалай десем екен?.. Экзамен деген студенттердің білімін таразыға салатын кез. Оны өзіңіз де білесіз. Адам шыны емес, көз рентген емес, әр студенттің ішінде не жатқанын қайдан білерсің, билеттегі сұраққа да қанағаттанарлық жауап бере алмаса…

РЕКТОР. Неге? Ұстаз әрбір шәкіртінің қандай қабілеті бар екенін, оның, жалпы, білім дәрежесін неге байқамайды?

ДОЦЕНТ. Сізді қате түсініп отырсам кешірерсіз, бірақ мұндай сұрақты арнайы шақырып алып қойып отырғаныңыздың түпкі мәнін аңғара алмадым.

РЕКТОР (тартпадан бір парақ қағазды алып, доценттің алдына қояды). Оқып шығыңыз. Оқыңыз, оқыңыз…

ДОЦЕНТ (бір сөйлемнен ғана тұратын арызды оқып шығады). Түсінсем бұйырмасын!

РЕКТОР. Түсінбегеніңіз өкінішті-ақ! Бұл студент институттан кетуге арыз берген.

ДОЦЕНТ. Неге?

РЕКТОР. Мен сізді осыны сұрағалы шақырып едім. Шынында, неге? Сіз осы курсқа бір жыл бойы сабақ бердіңіз, демек, әрбір студенттің жағдайын, қабілетін, сізден басқа ешкімнің толық білуге мүмкіндігі жоқ. Мына, арыз жазып отырған студент қысқы сессияның кезінде де сіздің пәннен екілік алған, деканаттың нұсқауымен қайта тапсыруға барғанда сіз экзамен қабылдаудан бас тартыпсыз. Соның нәтижесінде ол бір жыл бойы стипендиясыз жүрген.

ДОЦЕНТ (намыстанып). Ендеше, мен оған ертең бес қойып берейін де, бір жылдық стипендиясын жалақымнан қайтарайын!.. Кешірім өтінейін!..

РЕКТОР. Сіз ашуланбаңыз. Оқытушыны оқушыға жығып берейін деген ойдан аулақпын, сізді оңаша шақырып алып сөйлесейін дегенім де сондықтан. Алайда, сіз сол студенттің жағдайымен таныстыңыз ба? Жоқ! Ол қаршадайынан жетім қалып, Балалар үйінде тәрбиеленген, 

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27