РЕКТОРДЫҢ ҚАБЫЛДАУ КҮНДЕРІ

біздің институтқа да сол Балалар үйінің директорының жолдамасымен түскен. Қабылдау экзамендерінің бәрін үздік тапсырған. Сол баланың енді кеп сіздің пәннен сүріне беретініне таңым бар.

ДОЦЕНТ. Мектеп программасы мен институт программасының екеуі екі бөлек.

РЕКТОР. Дұрыс, оған қосыламын. Мектепті жақсы бітіріп келген кейбір балалар институт программасын меңгере алмайды. Бірақ, біз сөз етіп отырған студенттің ерекше қабілетті екенін сіз аңғардыңыз ба?

ДОЦЕНТ. Әзірге қырсық мінезінен басқасын көре алғаным жоқ.

РЕКТОР. Әрине, мінез деген бойдағы қабілет пен таланттың құнын кетіретін өзінше кесел. Бірақ, біз ұстаз екенімізді ешқашан ұмытпауымыз керек қой. Шәкірттің таланты мен қабілетін сол қырсық мінездерден аршып алуға тиіспіз.

ДОЦЕНТ. Япыр-ай, арамызда Исаак Ньютон жүрмесе болғаны.

РЕКТОР. Несі бар, жүруі де мүмкін.

ДОЦЕНТ. Егер мені арнайы шақырған жұмысыңыз осы ғана болса, кете беруіме рұқсат етіңіз. Сіз ара түскен соң басы артық сөз айтып әуре болудың керегі жоқ. Оған қалаған бағасын қойып берейін.

РЕКТОР (орнынан тұрып, әрі-бері жүреді). Ақылдаспақ боп шақырып едім, сіз мені мүлдем қате түсіндіңіз. Өзіңіз ойлаңызшы, институттың шарқ ұрып іздейтіні дарынды жастар емес пе? Бір студентті үлгіре алмағандығы үшін шығарып жібере салу бізге түк қиындығы жоқ, неге шығардың деп ол үшін бізді ешкім жазаламайды. Министрлікке мәлімет береміз де қоямыз. Ал, оның ар жағында адам тағдыры, сіз бен біз сияқты адамның тағдыры жатқанына мән бермейміз? Және «үлгіре алмады» деп шығарылғалы отырған студенттің ғылымға қабілеті бар екеніне көзіміз жетсе, қылмыс жасағанымыз емес пе?

ДОЦЕНТ. Япыр-ау… Дарын, қабілет деп сөйлейтіндей ол жігіт не жасап қойып еді?

РЕКТОР. О-о, әрине, ол түк те тындырған жоқ. (Столына келіп, отыз шақты бет қағазды тартпадан алып доцентке көрсетеді). Кеше сол жігітпен бірге оқитын төрт-бес студент әкеп беріп еді. Оқып шықтым. Таласты жағы да баршылық. Бірақ, ерекше батылдық бар. Еңбегінің атын қараңызшы. «Данышпандықты өлтірмеудің проблемалары». Мұнда ол ғұлама ғалымдардың сол ғұлама болуына талай жылдар бойы тер төгетінін, өмірлік ғылыми тәжірибесі әбден толықсып, ғажайып жаңалықтар ашуға жаңа мүмкіндік алғанда биологиялық өлімге душар боп, сол өліммен бірге талай-талай ғылыми революциялардың қоса өлетінін айтады. Сөйтіп келіп, адамзатты мұндай зор шығыннан құтқарудың жолын іздейді. Сіз биологиядан сабақ бересіз. Ол жігіт сіздің пәннен үлгіре алмайды. Сөйте тұра мынандай еңбек жазып жүр. Өзіңіз ойлаңызшы, егер ол сіздің пәнді білмейтін болса, үлгіре алмайтын болса, дәл осындай философиялық болжауға бара алар ма еді? Бұған қалай қарайсыз?

ДОЦЕНТ. Ол жігіттің бұл еңбегіне мен мүлдем қарсы болғанмын.

РЕКТОР (таңданғаннан доцентке қарап тұрып қалады). А-аһ, солай ма-а? Сіз бұл жөнінде біледі екенсіз гой?

ДОЦЕНТ. Ол ғылыми прогресс пен адам санасы жөнінде мүлдем қате түсінікте. 

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27