РЕКТОРДЫҢ ҚАБЫЛДАУ КҮНДЕРІ

РЕКТОР. Сол үшін… сол үшін сіз оны үлгіре алмайтын студенттердің қатарына қостыңыз ба? Дұрыс, сіз оның пікіріне қосылмаңыз, оған қарсылығым жоқ, алайда, шәкірттің пікіріне қарсылығыңыз, оның институт программасын меңгере алмайды деп тұжырым жасауға негіз болмайды ғой.

ДОЦЕНТ (орнынан тұрады). Сіз… институт мұғалімдерінің ар-намысынан гөрі студенттің ар-намысын жоғары қояды екенсіз… Бұл қорлыққа да амалсыз төзетін болдық.

РЕКТОР. Егер сіз осыны қорлық деп ұғатын болсаңыз, басқа айтар сөзім жоқ.

ДОЦЕНТ. Ал, «босатыңыз» деп арызды мен жазсам қайтер едіңіз. Тым болмаса, әлгі «данышпан студентке» ара түскеніңіз сияқты жанашырлық білдірер ме едіңіз?

РЕКТОР. Мен сізге жанашырлық білдірмеймін, сіз ешқайда да кетпейсіз.

ДОЦЕНТ (үнсіздіктен соң кекесінді үнмен). Құдай көңіліңізді көтерсін. (Шығып кетеді). Пауза.

РЕКТОР. «Данышпан студентке» ара түскеніңіз сияқты!.. Іһ-ім! (Басын шайқайды). Ректор екі қолын артына ұстап кабинетте әрлі-берлі жүр. Терезе алдына барады. Ол жерде сәл ойланып тұрып, креслоға кеп отырады да, қоңырауды басады. Ішке Секретарь қыз кіреді.

РЕКТОР. Маған профессор Камалиевтің үйінің телефонын тауып беріңізші.

СЕКРЕТАРЬ ҚЫЗ. Жарайды. Қазір керек пе еді?

РЕКТОР. Иә, иә. Қыз шығьт кетеді. Ол шығысымен киіп-жарып Шал кіреді. Сөйлеп келе жатыр.

ШАЛ. Ойпырмай, бұл адамдардың бәрі жұмыс істемей ме? Келіп жатыр, кетіп жатыр. Шеттерінен дөкей. Бәрі бір саусағын көрсетеді. (Артына бұрылып). Әй, жүр бері! Амансың ба, шырағым? Дабырлап кіргенімді кешірерсің. Күйінген соң айтасың да. (Ректормен қол алысып амандасады).

РЕКТОР (орнынан тұрып, жұмсақ креслоны ұсынады). Жоғары шығыңыз, ақсақал. Аман-есенсіз бе?

ШАЛ. Шүкір, шүкір. (Қалпағын алып столға қояды. Отырады).

РЕКТОР. Қандай шаруамен келдіңіз?

ШАЛ (түрегеп тұрған баласына қарап). Бізде не шаруа болушы еді, қарағым. Мына бір баланың қамы. Бәріміз қойшы болғанша, біреуіміз тойшы болайықшы деп үлкен ағалары боп жабылып жүріп осы біреудің аяғын оқуға іліндіріп едік. Осыдан екі ай бұрын бұ тентек үйге жетіп келді. Үнстөттің оқуын жұрттан бұрын бітіріп келген екен деп қуанып қалсақ, бұ бәле. «Исклушит қылды» деп күмілжіп тұр.

РЕКТОР. Ә-ә, есімде, есімде! Жатақханада төбелес шығарған батырлар ғой?

ШАЛ. Иә-иә! Түнде төбелескен, түнде!

РЕКТОР. Ім-мм… Балаңыздың жағдайы қиын, ақсақал. Институтқа қайтадан қабылдай алмаймыз. Тәртіп бұзушыларға біздің арамызда орын жоқ!

ШАЛ. Ойпырым-ай, біржолға…

РЕКТОР. Балаңыз институттан екі рет төбелескені үшін шығарылды.

ШАЛ. Не дейді, құдай-ау! Әй, сен бір төбелескеніңді айтпап едің ғой. Біреуін қайда жасырып қойып ең?

ЗАОШНИК. Екеуінде де бір-ақ студентпен төбелескем. Шал бақырайып Ректорға бір, Баласына бір қарайды.

РЕКТОР (ерніндегі күлкісін тиып). Ақсақал, балаңызды ауылға алып қайтыңыз. Жұмыс істесін. Әрі-бері жүре беру сізге де оңай емес шығар. Әуре боп қайтесіз.

ШАЛ (орнынан тұрып, Ректордың алдына келеді). Қарағым, ер кезегі үшке дейін. Сонау жақтан әуре боп келіп едім, тағы біржолға көріңізші.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27