болмаса, поездың бригадиріне жолығып, сізді қалаған жеріңізге орналастырайын. — Жоқ-жоқ, әуре болмаңыз. Маған үстіңгі орын да жайсыз болмас, — дедім, егер мен көнбейтіндей сыңай танытсам орнымды босатып беруге ыңғайланып, елгезек отырған әйелге қарап. Ол «рахмет» дегендей күлімсіреп, басын изеді. Мен костюмімді шешіп, чемоданымды қойған полкаға тастай салдым да, сыртқа шықтым. Купе іші қапырық екен. Кейбіреулер тап бір өз үйіне келгендей коридорды басына көшіре күліп, майкімен ғана жүр. Мұндай адамдар ешқашан тосырқау, жатсыну, жаңа ортадан қымсыну дегенді білмейді, мен сондайларға кейде қызығам, кейде жек көрем. Қазір вагонда қандай жағдай боп жатыр, алақандай жерде адамдар қалай сығылысып, қалай жайғасып жатыр — бұлардың бәріне олар әлдеқашан, тіпті көз көріп, құлақ естімеген бір түкпірде әбден үйреніп болып, осы араға топ етіп түсе салған сияқты. Коридордағы терезе тұсынан жөнді орын тимеген соң тамбурға шығып, темекі шегіп купеге қайтып келдім. Екеуі дәл баяғы өзім көргеннен бір сүйем де ауытқымай, қаз-қалпынша отыр екен. «Неткен адамдар, — дедім іштей, — қандай суық! Мұндайлармен бірге өмір сүру былай тұрсын, бір сағат дастарқандас болудың өзі азап қой!» Қыжырым қайнап, жоғары полкаға секіріп шықтым. Вагондағы жүріс басылсын деп шалқамнан түсіп, көзімді жұмдым. Осында келгелі бері жөндеп демалмағаным да есіме түсті: табаным тызылдап, бойым балбырап барады. …Көзімді ашсам күн кешкіріп қапты. Жастығымның астындағы сүлгіні алып, жерге түстім. Жалтыр бас кісі бетіне баяғы алашадай журналды айқара жамылып, қорылға басып жатыр екен. Жалт етіп отыз жетінші орынға бұрылдым. Екі көзі жуған қарақаттай әдемі келіншек орнында жоқ екен, тіпті, жастығының мұрты да сынбапты. Біреу қолмен көтеріп әкеп отырғызып, қолмен көтеріп қайта алып шығып кеткен тәрізді. Мен купенің есігін ашып, коридорға шыға бергенімде терезе алдында жағын таянып, кітап оқып отырған келіншекке көзім сүріне кетті. Жүрегім лүп ете қалды. Ол кітаптан көзін алып, маған бір қарады да, иығындағы онсыз да тым жарасымды тұрған ақ капрон орамалын ақ капрондай аппақ саусақтарымен бір тартып қойып, аузын ашпаған бойы тамағын кенеп, кітап бетіне қайта үңілді. Екі бетіме лып етіп қан теуіп, қызарып сала бергенімді байқап үлгерген жоқ. Мен жуынып болған соң купеге кіріп, олимпикамды киіп, кәнігі жолаушының қалпына түсіп қайта шықтым. Әйел бұл жолы маған бұрылып әуре болмай-ақ, кітаптан көзін сәл ғана тайғанатып, аяғымның ұшына қарады да, қимылсыз отыра берді. Мен әлгінде ала шыққан сигаретімді тұтатып, онымен ешқандай шаруам да, қызығушылығым да жоқ адамдай сыртқа көз тастадым. Сәлден соң мойнымды бұрмаған бойы жайбарақат, бейтарап үнмен: — Сіздер Алматыға шейін барасыздар ма? — дедім. — Иә, — деді ол суретке түсетін адамдай бойын сәл түзеп. Дауысы ақырын ғана естілді, соған қарап