кітаптан көзін алмай отырып-ақ ол менің алысқа ұзамағанымды байқағанын білдім. — Алматыда көптен тұрасыздар ма? — Иә. — Ана кісі жолдасыңыз ғой? — Ии-ә! Мен бәрін бүлдірдім — оның даусы қатқыл шықты. Басын оқыс көтеріп, сабау-сабау кірпіктердің арасынан қарақат көздер ұшқын шаша қарады. Купеде алашадай журналды бетіне айқара жауып жатқан адамның күйеуі екенін біле тұра сұрағаныма ашуланды ма, әлде көрікті әйелге мен секілді жабысқақ сұрақ қоюшылар табан астынан табыла кетіп әбден ығыр еткендіктен бе, ол қылыштай сермелген соңғы жауабымен идіріп сауып, там-тұмдап жинаған ойларымды ыдысымен төңкеріп кетті. «Япырмау, — дедім ішімнен, — мен бұларға не жаздым? Қандай өрескел сұрақ болса да ізет үшін сыпайы жауап қайыруға болады ғой. Бәлкім, күйеуін ұнатпайтын шығар, бәлкім, поезға отырарда екеуі қатты ұрысып қалған шығар, онда тұрған не бар, оған менің араласым қанша? Адам арасындағы қарым-қатынас деген болмашыдан бұзылып, болмашыдан ұйып жатпайтын ба еді, мысқалдай болса да алғаш кішіпейілділік танытып, орнымды бердім ғой, тым құрыса сол ықыласымды, көп болмай-ақ қойсын, төрт-бес ауыз жылы сөзбен қайтара салса қайтер еді?!» Іштей налып, қорланып қалдым. Бірақ налығанымды да, қорланғанымды да сездірмеуге тырысып, одан бір адымдай алысырақ жылжыдым. Терезеге тапжылмай қарап тұрғаныммен көңіліме бұдыр ілінер емес. Кітаптың келесі бетін аударған сәтте келіншектің мен жаққа бір көз тастағанын байқап қалдым да, расымен ол сөйтті ме, әлде маған солай боп көрінді ме деп ойымды екі ұшты үміт билеп алды. «Көрейін, — дедім іштей, — келесі бетке ауысар сәтін тағы да күте тұрайын». Енді уақыт өтпей қойды. Ол оқып отырған жоқ, жаттап отырған секілді. Мойнымды сәл ғана бұрып, көз қиығыммен қадағалап тұрмын. Әні, басы иіліп барады, соңғы жолдарды оқып жатыр. Енді оған қарамау керек, әйтпесе байқап қояды. Оң қолын қимылдатты, қазір келесі бетті ашады. Мен мойнымды бұрып әкеттім. Ол сытыр еткізіп бетті аударды да, мен жаққа бір қарап қойды. Жүрегім лүпілдеп қоя берді, әлгі іштей қорлануым мен налуым кәрінің ұйқысындай быт-шыт болды. Мен қимылсыз қаттым да қалдым. Осылайша сағаттар бойы тұра беруге дайын сияқтымын. Тек әр бетті аударған сайын мен жаққа қарауды ұмытпаса болғаны. Ол кітап бетін әлденеше аударды. Менен қанағат кетті. Енді оның келесі бетті аударғанын күтіп тұрмын. Әні, оң қолын тағы қимылдатты. Бетті аудара берді де, бейғам екеніме әбден сеніп алған болуы керек, алғашқыдай емес мен жаққа емін-еркін көз тастады. Мен де оқыс бұрылып, ұрлығының дәл үстінен түстім. Ол қызарып кетті. Абдырап екі бетті бір-ақ ашты. Ашқан жерінен бастап оқи жөнелді. Енді оның ештеңе түсініп отырмағанын сездім, егер түсініп отырған болса қосарланған беттің біреуін кері қайтарар еді. Осы кезде купенің