«ОГОНЕК» ЖУРНАЛЫНЫҢ 17-САНЫ

жартылай ашық есігінен, «Перизат!» — деген өктем үн естілді. Ол селт етіп орнынан тұрды да, дыбыс қатпастан күйеуі жатқан жаққа беттеді. — Түу, қайда жүрсің, шекем сынып бара жатыр, — деді ол әйелінің алысқа ұзап кетпегеніне және тез келе қойғанына көңілі толған тоқмейіл дауыспен. — Мына сүлгіні сулап әкеп маңдайыма басшы. Перизат кітабын тастап қолына сүлгіні алып қайта шықты. Бұл жолы ол мен жаққа көз қиығын да аударған жоқ, бойын тік ұстап, қасымнан тәкаппар басып өте шықты. Аядай купеге кеп тығылған өміріміздің екі күні артта қалды. Біз бір-бірімізбен сөйлескен жоқпыз, кімсің, қайда барасың, қайдан келесің деген сияқты самарқау тіл қатысудан әрі аса алмадық. Таңертең проводниктен шай сұрап ішеміз, түске жақын ресторанға біртіндеп барып келеміз, кешқұрым жол-жөнекей поезд аялдаған жерден алған тамақтарымызды қаужап, ұйқымыз келмесе де қисая кетеміз. Перизаттың күйеуі мені өлердей жек көріп келеді. Ол менің атымды, не істейтінімді сұрағанда қысқа ғана жауап беріп, қайтып тіл қатпағанмын. Жауабымды тыңдап болған соң дәл осындай қарсы сұрақ күтіп, біраз үнсіз отырған. Бір жерде тәуір қызмет істейтінін және сол қызметін мақтаныш тұтатынын, енді мен сұрай қалсам терезеге қарап отырып лауазымын әдейі ақырын дауыспен хабарлай саларын біліп, қолыма кітапты тез ала қойдым. Ол менің қасақана оқымысты бола қалғанымды сезіп, орнынан тұрды да, бойын тіктеп, маңыздана жөткірініп қойып, коридорға шығып кетті. Оның бүкіл қимылынан: «сенің сұрағаныңның маған қажеті жоқ, бәрібір байқап жатқан шығарсың», – дегенді аңғаруға болар еді. Алдыңгүні «ұрлығының» үстінен түскенім үшін Перизат та маған іштей ренжіп тұр, көп назар аудармайды. Бүгін таңертең төсегімде жатқан кезде ол жуынып келіп, купенің есігін жапты да, айнаға қарап шашын тарады. Есіктегі ұзын айнадан оның суретін мен, менің суретімді ол ап-айқын көре аламыз. Ол шпилькасының біреуін тістеп тұрып, тарағын шашына апара берді де, айнадан көрініп тұрған маған қарады. Мен де қарадым. Ол тағы қызарып кетті. Осыдан соң ол мен жатқан кезде есіктегі айнаға қарауды мүлдем қойды. Жалпы, адамның адамға қарауында тұрған не бар, оның үстіне бір купеде келе жатқан соң, маңдайыңдағы көзіңді дәкемен байлап алмағаннан кейін бір-біріңе еріксіз көзің түседі ғой. Бірақ екеуміздің назарымыз ұшырасқан сайын Перизат қызарып кетеді, соған қарағанда, оның әуелі күнгі көзқарасы шын мәнінде ұрлық болғаны, ол сол үшін ғана қысылатын сияқты. Іштей арбасқан мылқау өміріміз Шиеліге жақындағанда тірілейін деді. Ерлі-зайыпты екеуі тілге келді. Поезд станцияға түнгі сағат тоғыз-ондардың шамасында жетуі керек. Перизат болса күн бата салысымен-ақ тынышсыздана бастады. Қайта-қайта сағатына қарап, біліп тұрса да «қашан жетеміз?» деп проводниктен сұрап келеді. Оның бұл сабырсыздығы күйеуіне ұнамайды. «Отырсаңшы шошаңдай бермей. Келетін поезд келеді ғой өзі үшін!»

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10