«ОГОНЕК» ЖУРНАЛЫНЫҢ 17-САНЫ

— деп қабағын шытады. Оның бұл үнінде әйелін сабырлылыққа шақырғаннан гөрі қызғаныш басым сияқты. Келіншегінің жұрт көзіне түсе бергенін қаламайды-ақ! Менің күлкім келді, бір жағынан ызаландым да. «Япыр-ау, бұдан әрмен қайтып ғұмыр кешпекші? Оған қашанғы қарауыл болады? Әйелдің аттап басқанын бағу — қызғаныш емес, қорлық қой және бұл әрекетпен азапты тіршілік кешудің қажеті қанша?» — Шиеліде қант қауындар сатылушы еді, милициялар ыдыратып жіберген жоқ па екен? — дедім қызғаншақ күйеудің сөзіне қырсығып, әдейі келіншекке қарап. Ойда жоқта, күйеуінің көзінше өзіне қарап сөз айтқаныма Перизат қайран қалды. Жауап берген кезде адамға қарап сөйлеу жұртқа күдік тудырмайды, ол да сәл абдырап тұрып маған тура қарады да: — Әлі сатылады, — деді. — Сіз Шиелінің қай жеріненсіз? Таңданғаннан Перизаттың көзі атыздай болды. — Оны… оны сіз қайдан білесіз? — Өзіңіз айттыңыз ғой. Қауын әлі сатылады дедіңіз, демек бұған дейін де сатылып келгенін тағы ұмытпағансыз. Ол өзіне-өзі енді келіп, ақырын ғана күрсініп қойды. — Егер мен сіздермен бірге түссем жақсы қауын таңдап алуға көмектесесіздер ме, үйге алып барайын, — дедім. Перизат мүдіріп қалды. — Қайдам, — деді ол иығын қозғалтып, — уақытымыз болмайтын шығар… Шиелінің қауындарының бәрі жақсы ғой… — Сөйтті де ол коридорға шығып, терезе алдына барып тұрды. Мен «Огонек» журналына қарадым, шағын стол үстінде жабулы жатыр екен. Назарымды сәл жоғары өрлетіп ем, маған көзілдірік ар жағынан тесірейе қарап отырған екі жанарды көрдім. Егер сұрауым болмаса, қолынан кеп поездан түсіріп кетуге құлшынып тұрған көзқарас. Перизат терезе алдында біраз кідіріп қалып еді, маналы бері тырсиып әрең отырған ол ақыры айғайлап тынды. — Шиеліден өтіп кетермін деп тұрсың ба, бері кеп отырсаңшы, — деді қытымыр дауыспен, — осыннан-ақ жақсы көрінеді. Әйелі біреу жетектегендей еріне басып ішке кірді. — Орнын жайғастырып қой, — деді ол табан астынан қамқор үнге ауысып. — Ал егер қасында немересі болса қайда сидырамыз? — Білмейім, — деді әйел терезе түбіндегі үйреншікті орнына жайғасып жатып. — Ім… мм… Бірден екі билет ала салу керек пе еді… Перизат күйеуіне жалт қарады, жалт қарады да өте қатты кетіп қалмадым ба дегендей, сәл қипақтап тұрды да терезеге бұрылып: — Осы бір билеттің өзін айғаймен әрең алдырған жоқпын ба, — деді. Москвадан шыққалы біздің купеде бір орынның жайдақ келе жатқанының сырын енді түсіндім. Демек Шиеліден біреуді қастарына мінгізу үшін сонау жақтан әдейі алған екен ғой. Поезға мінгелі бері екеуінің қырыс қабақ боп келе жатқан негізгі себептері осы болғаны-ау? Вагон дөңгелектері рельсті қаусатып жіберердей сатыр-сұтыр етіп шағын разъезден өте шыққанымызда, екі жарым күннен бері суретке түсетін адамдай

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10