монтиып қана отырып келген келіншектен мүлдем сабыр қашты. Аласы аз тұп-тұнық жанарына уайым мен мұң үймелеп үлгеріпті. — Кеп қалдық, — деді ол ешкімге де мойын бұрмай терезеге қарап отырған бойы. — Келесі станция — Шиелі. Ойпырмай, алды ма екен телеграмманы! Күйеуі үндеген жоқ, шай төгіліп, май тамып алағат-алағат болған «Огонекты» алып теріс аудара бастады. Мәскеуден шыққалы бері оңнан солға, солдан оңға қарай қырық рет аударылса да оқылып бітпеген журнал. Жалпы, бұл кісі ашылған бетке көп аялдамайды. Сәл үңіліп отырады да, бір-екі сөйлемнің басын шалған соң келесі бетке көшеді. Бас-аяғы сегіз-тоғыз минуттың ішінде бүкіл журналды оқып бітіріп, майқамдалған төсегіне қарнын сипап қисая кетеді. Шалқасынан түсіп біраз жатқан соң құрандай жалықпайтын жаңағы журналын қайтадан алып, үш-төрт танкінің соңынан жүгіріп бара жатқан солдаттардың суреті салынған бетті ашады. Ең көп былғанған бет те осы. Қазан вокзалынан шыққалы бері біз жол-жөнекей не алдық, не жедік, бәрі де осы бетке бір-бір із қалдырып өткен. Сөйтсе де екі беттік әңгіме әлі бітпей келеді. Ол шалқасынан жатқан бойы тағы екі-үш сөйлем оқиды. Сонан соң екі қолы бірте-бірте төмен түсіп, далиған журнал көзәйнекке байқалмай жақындай береді, жақындай береді, құлап келе жатқан тарғыл беттерді бұ кісі көзбен тіреп, тыртысып оқи береді. Журнал мұрнының ұшына кеп тиеді, сонан соң көзәйнегін тұмшалайды, сол кезде барып қолы кеудесіне сылқ етіп, жалпақ бет көзден біржолата ғайып болады да, әзірге бір қалыпты, момақан қорыл басталып кетеді. Балбырап ұйықтау деген осы. Қазір де ол теріс қарай ашып-ашып келіп, баяғы солдаттар мен танкілерге жетіп аз-кем аялдады, бірақ оқуға зауқы соқпай одан да өтіп кетті. — Құдай-ай, — деді күйеуінің оқымысты бола қалғанына ызаланған келіншек. — Адресін дұрыс жазып па едің өзі? Алған да жоқ шығар… — Алды, неге алмайды, — делі ол фигурист қыздардың суретіне үңіліп отырып. — Молниямен салынды… — Ешкімі жоқ, қу бас адам құсатып… Келіншектің көзіне мөлт-мөлт етіп жас тіреліп қапты. — Неге, — деді күйеуі журналды жауып, арқасын жастыққа сүйеп. — Молниямен телеграмма салдық. Курортқа кетердің алдында түсіндіріп хат жаздық. Қайтқанымызша дүние-мүліктеріңнің сататынын сатып, алатынын қалдырып дайын отыр дедік. Самолетпен-ақ кететін едік, тар купеге қамалып, азап шегіп солар үшін тағы келеміз, міне. Неменесіне қу бас құсатып дейсің… — Телеграмма, хат!.. Төрт жылдан бері жүріп-жүріп кеп, қаңғыбас адам құсатып жолдан алып кеткелі келе жатырмыз. Әдейі кеп алып кетуге уақыт жоқ! — Перизат соңғы екі сөзді тістеніп, ызаланып айтты. «Огонек» журналының «табынушысы» әйелінің көзіндегі жасты көріп, қабағын тыржың еткізді. Перизаттың жалпы жылағанын емес, шешесінің қамын ойлап көзіне жас алғанын жақтырмай отыр. — Проводникте ыстық