«ОГОНЕК» ЖУРНАЛЫНЫҢ 17-САНЫ

тастамадыңдар ма? — Ничево, төрт аптаға жыласа да шыдайды ғой. — Барған соң қолға қарайтын болды-ау, қарағым-ай. Ештеңе де ала алмадық. Ділігірәмдарыңды алдың күні-ақ алғанбыз. Табан астында не істерімізді білмей… Барсақ па екен, бармасақ па екен деп… оның үстіне мына баланың оқуы бар, құрулы ошақ, қара қазан бар дегендей. Шығып кете беру оңай дейсің бе? «Өздері неғып келмейді, жолдан ала кетеміз» деп ділігірәм салғаны несі» деп ауылдың біраз адамы ренжіп жатыр. Миыма кене кіргендей басым қатты. Бармаймын деп-ақ жатыр едім, бүгін таңертең осылай қарай домалағанымызды білмей қалдық. Бір мәнісі болар деп мына баланы мектебінен де сұрамадым. — Үй-мүліктеріңіз бен малдарыңызды қайттіңіздер? –деді күйеу. — И-и, үй-мүлікті жау ала ма, есікті жаптым да жүре бердім. Үш қой, бір тайынша бар еді, қоңсыларға тапсырып кеттім. Бір айналып соғармын дедім. Мен енді ғана байқадым. Кемпірдің көзінен жас сорғалап, жылап отыр екен. Перизаттың жанары да жасқа толып, мөлт-мөлт етеді. Мен шығып кеттім. Бұл арада енді отыра беруімді ыңғайсыз санадым. Өздерінің үй іштеріндегі тамыры тереңде жатқан ақырамаштың қыраулы түніндей суық та ызғарлы кикілжіңдердің бір ұшын сезіп қалғаныма көзілдірікті кісі намыстанатын секілді де, Перизат қорланып, қысылатын сияқты. Мен купеге кісі аяғы сирексіп, жұрттың көбісі ұйықтауға жатқанда ғана кірдім. Олар түнгі шамды да сөндіріп тастапты. Сырмалы есікті ақырын ғана жылжытып екі елідей саңлау қалдырып, содан түскен жарықпен төсегімді салып болған соң есікті қайта жауып жата кеттім. Үш күннен бері бос келе жатқан қасымдағы орында «Огонектің» «табынушысы» жатыр. Алғашында оны кемпір екен деп қалғам, бір разъезден өтіп бара жатқанда терезеден жылт-жылт етіп түскен сәуледен бетіндегі айқара жамылған таныс журналды көріп қалып, кемпірге орын берген екен ғой деп ішім жылып қалып еді, артынша күліп жібере жаздадым. Кемпірді ғой немересімен қосып жоғарыға қуа алмайды, баласы құлап қалуы мүмкін. Бағана, Шиеліге келердің алдында Перизат төсегін жоғарыға ауыстырып, төменгі өз орнына шешесіне салған. «Огонекқа» «табынушының» әйелін қызғанып жоғарыға өрмелеп шыққанына еріксіз езу тарттым. «Пысығын көрдің бе өзінің?» Көз алдымнан көпке дейін кемпір мен немересі кетпей қойды. «Энгельс» деп аталатын белгісіз бір колхоздағы оның өгейсіп тұрған үйі, есігіндегі қара құлып елестеді. Олар өз өтендеріне қайтып бара ма, бармай ма? Қазір ғой олар біржола кетіп бара жатыр, мына «Огонек» журналының «табынушысымен», оның шіренген суық мінезімен шығыса ала ма, жоқ па, шығысқан күнде өктемдік пен менмендіктің қорлығына көнуге тура келеді-ау. Ана немерем деп отырған бала қай баласынан екен, ол неге жоқ, тірі ме, өлі ме? Бәлкім, жалғыз шешесі мен жалғыз інісіне қамқор болу үшін Перизат барлық жастығы мен нәзіктігін осылай құрбандыққа өзі шалған шығар? Басым

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10