«ОГОНЕК» ЖУРНАЛЫНЫҢ 17-САНЫ

шым-шытырық сауалға толды. Осы поездың өзінде ғой біраз адам келе жатыр. Етене таныссаң бәрінің бастарында бір-бір тағдыр, өз мұңы, өз қуанышы жатқанын көресің. Қуанышы болса бола берсін, дәл осындай көкірегінде шері шемен боп қатса да, онысы ешкімге айтылмайтын, ешкім көңіл бөлмейтін жұдырықтай елеусіз жандардың ішкі мұңы адамның жанын аш мысықтай тырналап, бауырыңа мұз басқандай болады екен. Ертесіне біз Алматыға кеп түстік. Үш жарым күннен бері күйі бір, сыры бір боп келе жатқан адамдар мына үлкен қаланың түкпір-түкпіріне тарыдай шашылып, әрқайсысы өз жөніне кетеді. Бір-бірлерімен қимай ажырасып жатса да бәрібір екі-үш күн өткен соң ұмытылады, бір-екі жыл өткен соң бірін-бірі танымай да қалады. Амал қанша, өмір заңы солай, бәрін жадыңда сақтап жүру мүмкін емес. Менің жол серіктерім өз машиналарына қарай жүрді. Үш жарым күннен бері екі беттік әңгімені оқып бітіре алмаған кісі телефонограммамен қызметтегі машинасын шақырып қойыпты. — Бізбен бірге жүр, — деді ол үлкен жақсылық жасағандай маған қарап. — Апарып тастайық. — Рахмет, сыймаспын. Таксимен-ақ жетемін ғой. Біз қол алысып қоштастық. Көшеде киетін киімін кигенде Перизат қарасаң көз тоймайтын суретке айналыпты. — Сау болыңыз, — дедім оң қолымдағы Шиелінің зілдей қауынын сол қолыма ауыстырып. Ол ернін күбірлетіп, басын изеді де: «рахмет», — деді. — Не үшін? — Орныңызды бергеніңіз үшін. — Ә-ә, мен оны мүлдем ұмытып кетіппін. — Сол қолымдағы қауынды оң қолыма қайта ауыстырдым. — Өзім де ең үлкенін алған екем, іші қалай екенін кім білсін. — Қорықпай-ақ қойыңыз, Шиелінің қауындарының бәрі жақсы. Қара «Волганың» есігін ашып тұрған күйеуі «Перизат, болсаңшы» деп айғайлайтындай ол кідірмеген де еді, «сөзді қой» дегені болу керек, соны түсінген келіншек басына қиғаш қондырған шашақты капрон қалпағын жол-жөнекей түзеп, соңымызда келе жатқан інісін қолынан жетелеп алды. — Апа, болыңыз, болыңыз, — деді күйеу баласы тағы да дауыстап. Жай басып келе жатқан кемпір өктем дауысты естіп, бүкшеңдеп жүгіре жөнелді. Мен оның машинаға қалай жеткенін, есікті аша алмай біраз әуре болғанын, Перизат есікті ашқан соң «бол» деп тағы айғайлап қала ма деп абдырап барып артқы орынға отырғанын, есікті жапқанда ұзын көйлегінің етегі сыртта қалып, есікті қайта ашып жабуға тура келгеніне дейін көз алмай қарап тұрдым. Сәлден соң машина орнынан қозғалып, олар көзден ғайып болды. Адамдар сапырылысып жатса да мен жалғыз қалғандай сезіндім. Жүрегімді әлдеқалай бір мұң, әлдеқалай бір сағыныш билеп алды. Мен дәл киоскінің алдында тұр екенмін. Көзім ілулі «Огонекқа» түсе кетті. Үш жарым күннен бері әбден мезі қылған журналдың дәл сол саны. Мен теріс айналдым, теріс айналдым да қайта бұрылып кеп журналға қарадым. Он жетінші саны

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10