Боқтадым! Бәрі боқтайды. Тіпті, басқарма да, Құрал да боқтайды. Ешкімді боқтаған жоқпын деген адам орнынан тұрсыншы кәне? — Ол жұртқа қарады. — Қане, етегіне намаз оқитын қайсы бар? Айтыңдаршы! Жұрт үндемеді. — Әні, боқтайдындары рас. Енді кеп бәріңнің атыңнан мені соттамақсыңдар ма? Ал, соттаңдар, жабыңдар, айдаңдар! Соған бола жұртты жиып… Мына сенде бар ғой, Молдабай, тауықтың миындай ми жоқ! Молдабай орнынан қалшылдап атып тұрды. — Сіз… сен… жолдас… байқап сөйле! Мені кім деп тұрсың! Аяғыңды аспаннан келтіремін! Сен бақташы болғалы сиырлар да қағынып кетті. Оқалығы ұстап үй-үйді кезіп жүреді. — Сен баққан тауықтардың да жетісіп жүргені шамалы. Жөндеп қарамағандықтан даланың бәрі жұмыртқа боп кетті. Қотыр боп, жүні түсіп, тұттай жалаңаш қалған тауықтарыңды бұршақ соғып, оларыңды кеңкелес боп айдалаға безіп кеткен жерінен былтыр бәріміз тележкамен жинаған жоқ па едік! Осы өңірде менің сиырларымнан семіз сиырды көрсетші кәне! Адам деген өзіне келер сөзді білсе қайтеді екен, өй, қызталақ! — Не дедіңіз?! — Молдабай құдықтан су тартып тұрған мотордай селкілдеп кетті. — Не десем — сол! — Сен… жолдас… — Мен саған жолдас емеспін, далбасаламашы! — Сен… сен… көлигансің, білдің бе? Колигансың! — Өзің гулигән! — Ал сен сиырларыңды қаңғытып, үйінде жататын арамтамақсың! — Не дейді-ей мынау! Мен қашан арамтамақ болып едім. Өй, әкеңнің!.. Кемпірбай оған тұра ұмтылды. Жолдастық сот мүшелері мен арыз иесі Отар, куәгерлер Орысбай, Мүсір Кемпірбайды ұстап қалды. Жұрт дабырлап, сахнада ойпаң-тойпаң боп жатқан кезде клубқа колхоздың бастығы мен Құрал кіріп келді де, өздерінің халық театрының ойынына кіргенін, немесе төртінші бөлімшенің клубына кіргенін түсіне алмай сілейіп тұрып қалды. Жұрт сілтідей тынды. Сахнадағы сегіздің он алты көзі есік жақтағы екеуге жабысып, қатты да қалды. Бастық кері шығып кетті. Соңынан бір елі қалмай бөлімше меңгерушісі де лып ете қалды. — Бұл не? — деді ол кеңсеге келген соң Құралға ашуланып. — Ім… Жолдастық сот еді… — Ол неғылған жолдастық сот? — «Осындай, да осындай». Та-ак. Есіңде болсын, мұндай нәрсені екінші рет маған хабарламай өткізуші болмаңдар, білдің бе? Жұртты орынсыз дүрліктіргенің үшін правление жиналысында жауап бересің. Бір-бірімен тіл тапқызып, кешірім сұрата салудың орнына сот ұйымдастыруға жол ашқаның не? Қазір бәрі тарасын да, активтер қалсын. — Жарайды. Жолдастық сот нәтижесіз аяқталды. Қартайғанда масқара боп мәселесінің жолдастық сот деген бәледе қаралатын болғанына іштей қиналып, үйінен көңілі жасып шыққан Кемпірбай кешке қарай ат үстінде әндетіп келе жатты. Колхоз бастығы он күннен кейін Москвада өтетін Бүкілодақтық мал шаруашылығы мамандарының конференциясына колхоз атынан екі делегат жіберу мәселесімен келіпті. Аудара қарап, ақтара тексеріп келгенде Кемпірбайдан лайықтысы болмай шықты. Сиыр