баққан он бір жылдан бері екі-ақ мал өлген. Жоспарын орындамаған бір де жылы жоқ. «Обал боп жүр екен, — деді бастық оның көрсеткіштерімен түгел танысып шыққан соң. — Осындай адамдарды неге байқамайсыз, неге еске салмайсыңдар! Бүгін кеп оны жолдастық сотта шырқыратып жатырсыңдар. Боқтаса боқтаған шығар. Еңбегі сіңген шал адамға кешіріммен қараған жөн. Ауданнан нұсқау түссе, оны орденге ұсыну керек. Документтерін дайындай бер». Сонымен аудан ғана емес, бүкіл облыс көлемінде мемлекетке ет тапсыру жоспары бойынша үздік көрсеткішке қол жеткен колхоздың мал шаруашылығы мамандарының атынан Москваға бас зоотехник пен бақташы Кемпірбай аттанатын болды. — Әй, кемпе-ер! — деді ол үйіне көңілдене кіріп. — Шалың делегат боп кетті ғой, делегат боп! — Жайшылық па, байғұс-ау, ол несі тағы? — Е-е, саған оны түсіну қайда-ау! Мәскеуге барам, Мәскеуге! Таңертең ғана «соттамақ» еді, енді делегат қылды. — Көтек, онда не бар? — Жиналыс бар, үлкен жиналыс. Бүткіл кеңес өкіметіндегі ең озат малшылардың жиналысы. Мал сояйық. Кісі шақырып қонақ етпесек болмас. «Жолыңды жу» деп жатыр жұрттар. «Ей, га-гу, гә-гу, гә-ги, Гә-гу, гәк-кәй». Ол әндетіп, сыртқа шығып кетті. Еш нәрсеге жөнді түсінбей басы айналып қалған кемпірі сәлден соң ғана есін жиып: — Мынаның дені сау емес шығар, — деді. — Сотталамыны несі, делегаты несі? — Әй, — деді шалының соңынан шығып. — Сонда, жиынға барасың ба? Кемпірбай қорадан қара тұсақты шығарып, аяғын байлағалы жатыр екен. — Иә, жиынға. Айдалып барады ғой деймісің енді! — Сорлы-ау, орысша білмейсің, онда не түсінесің? — Құрып кет әрі қылқылдамай. Орысша білмейсің дейді ғой маған барып. Өзің қарық қып жүрген шығарсың. — Енді… менімен теңеспексің бе… — Жоғал деймін ей, — деді ол жерге бір, кемпіріне бір қарап. — Үйбай, сөз жарыстырып келеді ғой мынау тегі. Немене, сол жаққа барып жатқандар менен ақылды дейсің бе? Бар, үйден қайрақты әкел! Ымырт үйіріле бергенде Кемпірбай немересіне ертеңге кісі шақыру үшін ауылды аралатып жіберді. «Пәленшені, түгеншені», — деп саусағымен басып тұрып таптап айтып шықты. «Ура-а-а! атам Москваға баратын бопты», — деп айғайлап жүгіре жөнелген немересін қайта тоқтатып: — «Әй, ана қос тентек Орысбай мен Мүсірге де айта сал», — деді. «Мақұл. Отар ағама ше?» «Жарайды, о қызталақ та қалмасын». Түннің біраз мезгілі өтіп, ауылдың алды жастыққа бас қоя бастағанда дастарқан басында Кемпірбай немересімен қуырдақ жеп, шай ішіп отырды, «Бүгін Молдабай байғұсты ренжітіп алдым-ау, — деді. — Ертең басты соның алдына қояйық, қанша дегенмен ескі таныс қой. Бірақ, өзінде де бар иттің. Сондай кезде ақ жүрек боп, әкесін де танымай кетеді». Күні бойы сарсылыстан қаны кеуіп