АҚЫРАМАШТАН НАУРЫЗҒА ДЕЙІН

қапты. Ыстық шайды аздап қана құйдырып, үнсіз сораптауға көшті. Әлден соң санын сарт еткізіп: — Әйбүй!» — деді оқыстан. Кемпірі аузына апара жатқан шайын төгіп алды. — Астапыралла! Не болды құдай-ау, жын ұрып кетті ме? — Әлгі… әлгі хат! Хат ше? — Қандай хат? — Қап, әлде тәңір-ай! Ана бала келемін деп әуре болмаса болғаны. — Неғылған бала? — Әй, сорың құрғыр. Киіптегі баланы айтам да. Басқа жерде жасырып жүрген балам бар ма еді! Сапаржан, тұр, жүгір анау Отарға. Жәшіктен хатты алды ма екен, алмады ма екен. Қайдан ғана жаздыра қалып едім! Немересі бәтіңкесін қоңылтаяқ сұға салып, далаға жүгіре шықты. «Баланың мазасын неге аласың», — деп ұрысқан кемпірінің сөзін үнсіз тыңдап, кінәсін мойындап болған соң оның өзіне қарсы шыға бастаған шақта ентігіп немересі де кіріп келді. — Не болды, жіберіп қойып па? — Жоқ. Есінен шығып жүр екен. Ертең алып, өзімізге қайтып әкеп беретін болды. — Ой, көсегең көгергір! Жақсы болды ғой. Ертең оның алдына асықты жілік қой. Қырсықтығы болмаса ақ көңілдігі бар өзінің. Ол көңілденіп, шайға қайта ден қойды. Гүжілдеген самаурыннан көз алмай отырып: «Сонда, бұл сабаздың бес күннен бері жәшіктен хат алмағаны-ау!» — деді іштей. Сол ойға тірелуі мұң екен, Отардың «Халыққа тұрмыстық қызметін онан әрі жақсарта түсу мақсатымен» деген актідегі сөзі есіне оралып, кенеттен қарқылдап күліп жіберді. — Көтек! Ойбай не болды! — деді кемпірі тағы да шайын төгіп алып. — Адамды жынды қып бітетін болдың ғой. Мә, өзің құйып іш! — Ол шәйнекті шалына қарай ысырды да, немересін жетектеп, басқа бөлмеге кіріп кетті. Кемпірбай олардың кеткенін елең қылған жоқ. Өз қиялына өзі мәз боп, күлімсірей отырып, шайға емін-еркін кірісті. Ол Москваға барып келді. Тағы той жасады. Бұдан соң Молдабай, Есқара, Орысбай, Мүсір, Отар және жолдастық соттың мүшелері мал сойып, солардың үйінде кезек қонақ болды. Осы екі аралықта Есқараның ортаншы қызы көрші бөлімшедегі тракторшы жігітке күйеуге қашып кетіп, бұл ауылдың жігіттері ол ауылдың жігіттерімен төбелесіп, ақыры қайта татуласып, мәмлеге келді. Өткен жолы әйелі мен баласын Арысқа машинамен апарып салмақ болғаны үшін Отардың актісіне қызып отырып қол қоя салғанын Орысбай көктемге салым мойындап, Кемпірбайды тағы да үйіне шақырды. Сөйтіп, наурыз торғай келгенше ауыл дамыл тапқан жоқ. Көктем қайта шығып, төртінші бөлімше сол баяғы құрамымен жұмысқа қайта кірісіп кетті. Олар бұл жылды да табысты аяқтады. Мемлекетке шитті мақта тапсыру — 133,4 Ет тапсыру — 148,9 Жүн — 119 Жұмыртқа — 121,5 Мал азығын дайындау — 142 Қайтадан қара күз келді. Ауыл әзірге тым-тырыс.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12