туып, төбелес ойламаған жерде жанжал шыққан жаққа жетіп келген звеновод Орысбай мен піркөншік Мүсірдің арасында бұрқ ете қалды. Таратып айтқанда былай: Оразаның жиырма тоғыз күні өтіп, бір-ақ күні қалған кез. Кемпірбайдың Киевте авиация институтында оқып жатқан баласынан: «Көке, тілегіңізді орындадым. Кеше посылка салып жібердім. Шалдарды жинап, ауыз ашарға шай берерсіз», — деп хат келгеніне тоғыз күн болды. Посылка әлі жоқ. Кемпірбай күнде ертеңмен Отардың үйіне барып, «Біздің баланың поселкесі келді ме?» — дейді. Ол, «жоқ» дейді. Әуелі бері қарап, амандық-саулық сұрап, сонан соң «Жоқ, ата, келмей жатыр, келсе өзім-ақ хабарлаймын ғой», — деп жай-жапсарын түсіндірсе өкпе жоқ-ау, кірпікшешен сияқты үйінің түкпіріне қарап бетін сүртіп тұрып, «Жоқ» дегені күйдіреді екен. Жайшылықта ертеден қара кешке дейін ауыз жаппай, жатарда үйіне темір жақ боп оралатын Отардың бұл кеп жөн сұрағанда аяқ астынан салмақты боп қалатыны жыныңды шақырады. Тағы да сайтандай сарт етіп орталыққа өтіп кетпесін деп Кемпірбай Отардың бүркеулі машинасын құлқын сәріден далада күтті. Сәскеге шейін күтті. Ертең ауызашар, Киевтен шыққан посылкаға сеніп бұл Қараспан базарына да бармаған. Ел-жұрттың алдында таза масқара боп, күлкіге қалғалы тұр. Әсіресе, Есқараның табасына қалам ба деп қорқады. Бұл екеуі бір-біріне мүлде қарама-қарсы екі «платформаның» адамдары. Кемпірбай падашы, Есқара объемщик. Паданың аты — пада, оқалағы ұстағанда құйрықтарын шаншып алып, Кемпірбай түгіл колхоздың бүкіл активі алдынан шықса да бұзып-жарып жоңышқалығың мен егістігіңе қояды да кетеді. Жергілікті советтің депутатымын деп төбеңді оя жаздап, шындап кетсе барып тұрған қиқар Мүсірдің аузын ашырмай, магазинін жаптырып кететін Молдабай тауықшының да беделі олардың алдында түк емес. Керек десең, танаулары делдиіп, көздері шатынаған төрт-бес сиыр биыл жазда жайбарақат шай ішіп отырған соң Молдабайдың ауласына шаңқай түсте шаңытып кіріп барып, бала-шағасының алдында беделін түсіріп кеткен. Кемпірбай біреу, сиыр екі жүз елу. Оның қайсыбіріне ие боласың. Бірақ Есқараға бұл шот емес. Жоңышқалыққа жабылып жатқан сиырларды қайтармайды, ат үстінде отырып Кемпірбай жеткенше асықпай акт жазады. «Қол қой» дейді, ол қоймады. «Сиырларыңның жоңышқаға түскені рас па?» «Рас». «Ендеше қол қой». «Жоқ, қоймаймын». «Қоясың». «Сен өкіметтің шөбіне зиян келтірдің». «Сен өкіметтің шөбін бақсаң, мен малын бағып жүрмін. Жесе, ақыры өздері жейтін шөбі ғой. Шөп сиырды жемейтін шығар». Мынандай қырсық сөзге күйіп кеткен Есқара насыбайын жұтып қояды. Дау қызып, екі кеңірдек екі кетпеннің сабындай болады. Сәлден соң сиыр жайына қалып, жанжал жеке басқа ауысады. —Әй, байқап сөйле! Жаман да болсам Киіпте балам оқып жатыр, — дейді бұл. — Оқыса қайтейін. Киіп-сиіп деп жүргендегісі, айырпыланның оқуы ма? Аспандағы айырпыланнан жердегі бір бау жоңышқам артық. — Қап, осыдан балам келсін, айырпыланның маңына сені