жолатпаспын! –Жоламай-ақ қойдым. Өзің-ақ міне ғой. Айырпыланға көшіп алсаң қанеки. Қайта сен баққан бейәдеп сиырдан құтылар едім… Төңіректен адамдар жиналмай дау бітпейді. Экономист Өтеш келіп төрелік айтып, Кемпірбайды бұлтартпас фактының алдына қояды. «Тыңдаңыз, — дейді, — жақсылап тыңдаңыз. Сиырларыңыздың жоңышқаға түскені рас, бәріміз көріп тұрмыз, әне, жайылып жүр. Ескеңнің жоңышқасы адырға шығып, сиырларыңызға түскен жоқ қой. Енді түсіндіңіз бе?» Ақыры Кемпірбайдың амалы таусылып, жайылып жүрген сиырлар мен осы жерде тұрған адамдарды қосып бір боқтайды да, акт деген сұмдыққа қол қояды. Киевтегі сол баласынан посылка келетін бопты деген хабарды Есқара да естіген. Ғайыптан-ғайып келмей қалса оның табасына қалатыны айдан анық. Отардың бүркеулі посылка машинасы сәске түсте ауыл сыртындағы көпірден қылт етіп көрінді де, ә дегенше есігінің алдына кеп тоқтады. Бұл атын тебініп жетіп барды. «Отаржан, біздің баладан хабар бар ма?» — деді. Отар үйіне кіріп, шелек алып шықты. Бұл әлгі сөзіне жауап күтіп, қайтып сұрауға батылы жетпей әлі тұр. Радиатордың қайнап кеткен суын орталап, Отар мұздай су құя бастады. Мұны барсың ба, жоқсың ба дейтін түрі жоқ. «Әй, айтсаңшы, хабар бар ма деймін», — деді Кемпірбай қасаңдау үнмен. Ол шашы дудырап, машинаның ішек-қарнына үңіліп жатып: «Бар», — деді де капотын сарт жауып, үйіне қайта кіріп кетті. Кемпірбайдың қуанышында шек болмады. Киевтегі қара баласынан да, оның жіберген посылкасынан да, сол хабарды жеткізген Отар мен бүркеулі машинасынан да айнала бастады. Бірақ, Отардың мына немқұрайды мінезіне іштей атынап-ақ тұр, әлдене деуге қырсығып қалама деп тағы үндемейді. — Отаржан, мәшинеңді ашып, посылкеңді бере қал, — деді. Ол «бермеймін» деді. — Е, неге? — Кеңсеге барып тіркеу керек. — Одан қашан келесің? — Ертең. — Ойбай-ау, осы жерден-ақ беріп кете салсаңшы. Сонан кейін тіркерсің. Кеңсе жүріп кететін пойыз емес шығар. Қарап тұрмай тілінен тапты. Отар шарт ете қалды. — Бермеймін. Ертең паспортыңызды алып келесіз. — Паспортты қайтесің? — Заң солай. — Оу, пашпұртқа сенесің бе, маған сенесің бе? — Паспортқа. — Қап, қап мына қызталақты-ай, ә! — Ақсақал, боқтамай сөйлеңіз. — Боқтағаны несі, кім сені боқтаған? — Сіз боқтадыңыз. Ол сөзіңіз үшін жауап бересіз. — Неғыл дейді-ай, мына шірік неме, а? — Ол ашудан терісіне сыймай кетті. — Жауап бересің дегенің қалай? Боқтағанды естімей жүрмедің. Ойбай-ау, мынау өз баламның поселкесін өзіме бермей пашпұртына берем деп күйдіргені былай тұрсын, жауап бересің деп қорқытып құртты-ау. Өй, әкеңнің нақ аузына ғана… Ал саған боқтық керек болса! Ал енді бере бер беретін сотыңа! Әкел поселкені бермен! Пашпұрт-машпұртыңның керегі жоқ. Поселкі менікі ме, менікі, балам жіберді ме, балам жіберді, мені танисың