ба, танисың. Енді не керек саған? Аш ана мәшинеңді? Сонан соң орталыққа кетесің бе, Арқалыққа кетесің бе өзің біл. Отар шалқасынан түсті. — Акт жасаймын, — деді. — Немене? Акті? — Иә, әкемді боқтағаныңыз үшін жауап бересіз. — Әй, әкеңнің ау… а-а… Әй, ит-ау, боқтасам боқтаған шығармын, әкең құрдасым. — Құрдас-мұрдаста шаруам жоқ. Боқтағаныңыз рас Отар шашы бұрқырап, май-май дәптерін машинаның капотына қойып асығыс жаза бастады. Акт жасап әбден жаттыққан бала ма, әне-міне дегенше бітірді де, дауыстап оқи бастады. «Бөген аудандық халық сотына. Қараспан колхозының № 4 бөлімшесінің байланыс торабының бастығы Төлемісов Отар, бүгін, яғни 1976 жылдың 27 ноябрі күні халыққа мәдени қызметті онан әрі жақсарту мақсатымен…» — Әй, — деді Кемпірбай көзін сығырайтып. — Бастығың не былжырап тұрған? Қай бастық, мына сен бе? Өзің кетсең өрмекшіден басқа жан кірмейтін, ит байласа тұрғысыз қаңыраған қуысты кеңсе деп, өзіңді бастықпын деп есептейсің бе? Неменемнің бастығысың? Өзіңе-өзің бастықсың ба? — Ақсақал, айғайламаңыз, — деді Отар шындықты мойындағандай қысылыңқырап. — Ары қарай тыңдаңыз. — Тыңдамаймын! Қартайғанда алдымнан әкті деген бәле шықты ғой. Есқара екеуіңнің шешелеріңнің қойнына әкті түнеп шыққан ба? Ойбай-ау, мына түріңмен мынадайсың, орталықтағы үлкен поштаның бастығы болсаң күніміз қандай болмақ, ә? Аспаннан құс ұшырмай қоярсың сен. Ары кетсе жарты сағаттан кейін екі жақ өзара мәмлеге келер сыңай танытып, жанжалдың уы қайта бастап еді, піркәншік Мүсір мен звеновод Орысбай жетіп келіп, дауды қайта қоздырып жіберді. «Не болды?» — деген сұраққа мән-жайды түсіндіру үстінде жанжалға кілт болатын ең негізгі де нәзік фактілер бұрмалауға ұшырады. «Мен олай деген жоқпын». «Солай дедің». «Жоқ, жала жаппа». «Жала емес, факт!». «Өй, әкті мен пәктіде басың қалғыр, олай деген жоқпын деймін мен саған! Осыдан балам келсін, бәлем, сені ме?» «Балаңыз көп болса айырплан айдайтын шығар, ал мен одан сорлы емеспін, мәшине айдаймын. Қараспан базарына айырпланмен барғаныңызды көрермін, бәрібір маған жалынасыз». Әңгімеге Мүсір араласты. Ол актімен мұқият танысып алды да, мұндай істе сауаттылығын танытып, оның ресми тілін, грамматикалық қателерін түзеп берді. Демек, Отардың позициясын қолдаймын деген сөз. Маналы бері Мүсірдің бүкіл болмысы мен тіршілігіне жақтырмай қарап тұрған Орысбай: — Иә, қашаннан бері профессор бола қалғансың? — деді дауға өкпе тұстан араласып. — Онда шаруаң болмасын. — Мүсір қалтасынан латын әрпімен «Марлборо» деп жазылған сигарет алып, оның жазуы бар жағын анығырақ көрсін деп Орысбайдың дәл тұмсығының алдында ұзағырақ ұстады. Онысымен тұрмай үлкен ізеттілік пен мәдениеттілік танытып, қолын кеудесіне қойып, басын иді де, «Ғафу етіңіз, темекіге қалайсыз?» — деді. «Ә, бәлем, қалай екенсің», — дегендей Мүсір Орысбайдың көзінен көзін алмай жымия