күлімсіреп тұр. Орысбайда үн жоқ. Ол да бұған тесіліп қапты. Бет-әлпетінде кекесін бар сияқты. Мүсір сонда ғана барып байқады, ол қолын мықынының тұсына әкеп, екі саусағының арасынан бас бармағын шығарып тұр екен. Мүсір түкірігіне шашалып қалды. — О… о, көргенсіз. М… мұның не? Мен саған мәдениетті түрде… –Әй, оттамашы, — деді бұл Мүсірдің психологиялық майдандағы шайқалыңқырап қалған позициясын біржолата грейдерлеп. — Ей, оттамаң қалай? Байқап сөйле, бала, үйіңді таппай қаласың! — дипломат Мүсір номері төртінші бөлімшенің баяғы шырт етпе Мүсіріне табан асты қалай айналып шыға келгенін өзі де байқамай қалды. Мүсір ашуланып, шала шеккен сигаретін аспандата шертіп жіберіп еді, ол қолынан мүлт кетіп Орысбайдың дәл көзінің алдынан зу ете қалды. Бұдан әрі дауласып жатудың қажеті жоқ, Орысбай Мүсірдің жағасынан ала түсті. Манадан бері адам қатарына саналмай шеттеп қалған даудың негізгі иелері — Кемпірбай мен Отар төреші боп келіп төбелесіп кеткен екеуін ажыратамын дегенше, олар тиген-тимегеніне қарамай бір-біріне екі-үш жұдырық сілтеп үлгірді. Жұрт жиналып, екеуін екі жаққа ажыратты. Сүйреп алып кетуге ыңғайсыз бірі магазинші, бірі звеновод. Магазинші екенмін, звеновод екенмін деп тұрған олар жоқ, қоя берсең ешқашан жеңімпазы анықталмайтын төбелестерін қайта жалғастырып кетпекші. Төбелес енді мүлде бітті-ау дегенде Кемпірбай: — Оу, әділ қазылар-ау, менің әлгі… паселкемді не істейсіңдер? — деп еді, екеуі де бұған ала көзімен ата қарап: — Өй, поселкеңізді… аларсыз бір кезде, — деді мынадай сәтте басты қатырмашы дегендей теріс айналып. — О, құд-даның құд-діреті, — деді Кемпірбай түкке түсіне алмай. — Мыналар неге төбелескенін де ұмытып кеткен екен-ау, сірә… Әй, Отар, бересің бе әлгіні. Бермесең қазір қалаға кетем. Ертең ауызашарға қайтып келуім керек. Отар құрығанда аудан көлеміндегі мәселені шешіп тұрғандай тұнжырап ұзақ ойланды да: — Алсаңыз алыңызшы, — деді машинасының есігін ашуға беттеп. — Көсегең көгергір, сөйтпейсің ба бағанадан бері. — Өзіңізден де бар ғой. — Е, бар болса бар шығар… — Тағы бір бәле шығып кетер деп Кемпірбай оның ығына жығыла берді. Бірақ, «өзінде не барын», не жазып қалғанын түсіне алмай дал болды. — Ал, — деді Кемпірбай посылкасын алғаннан кейін кете алмай сипалақтап. — Әлгі… әктіні не істейсіңдер? — Тиісті жеріне тапсырамыз. — Ол қай жер? — Сотқа да. — Отаржан-ау, мәмлеге келген жоқпыз ба? Ел-жұртқа күлкі боп қайтеміз, екеулеп жыртайық та. — Жоқ болмайды. Көрер жұрт көріп, қатесін түзеп қойды. Кемпірбай қайта ашуланды. Егер бұл қылығын қоймаса өзінің де жоғарғы жаққа шағым жасай алатынын, Киевтегі баласына «майын тамызып тұрып» жаздыратынын айтты. Киевтегі баласы жайлы естігенде Отар өршеленіп кетті. — Ақсақал, аларыңызды алдыңыз ғой, бара беріңіз,