— деді ол қолын сілтеп. — Керек кезінде соттың өзі шақыртады. Машинаның жанында екеуінің дауысы қайта дәуірлеп, бастырманың астында Орысбай мен Мүсір бір-біріне қайтадан жұлқына бастады. Осы кезде бір бұрыштан бөлімше меңгерушісі Құралдың машинасы жалт етіп шыға келіп, бір-біріне қарай жұлқынып тұрған Орысбай мен Мүсір де, жанжалды қыздырып келе жатқан Кемпірбай мен Отар да укол салғалы келе жатқан дәрігерді көрген баладай жым-жырт бола қалысты. Меңгеруші машинасынан түсіп, әуелі жиналған жұртқа, сонан соң қыш құйып жүрген адамдай көйлектері шалбарынан шығып, жағалары теріс қарап кеткен Орысбай мен Мүсірге, бірі атта, бірі жерде сипақтап тұрған Кемпірбай мен Отарға асықпай қарап шықты да: «Та-ак»,— деді. Демек, бәрі түсінікті деген сөз. Ол Орысбай мен Мүсірдің мәселесін келесі жұмада арнайы қарайтынын айтып, екеуін үйлеріне қайтарып жіберді, ал Кемпірбай мен Отардың мәселесінде біраз ойланып қалды. «Кінәнің бәрі сізден басталады екен, ақсақал,— деді ол. — Та-а-ак, штожы, актіні сонда да болса аудандық сотқа жібермей-ақ қояйық. Осында қалсын. Жолдастық сотта қараймыз». Сонымен бәрі тарады. Кемпірбай үйіне ашуланып қайтты. Терісіне сыймай күйіп келеді. Осындай қиналған кезде келе қоймайтын баласын боқтады, бітпей қойған оқуын боқтады. Ертең сақалы сапсиып жолдастық сотқа түсетінін ойлағанда жүрегіне запыран ұйып, өзегін намыс өртеді. Есіне Есқараның жазда айтқан: «Аспандағы айырпыланнан жердегі бір бау жоңышқам артық», — деген сөзі түсті. Үйіне жеткен бетте қаладағы қызының осында оқып жүрген он бір жасар баласын ойнап жүрген жерінен шақырып алды да, посылканы да аштырмай Киевтегі баласына хат жаздырды. Бұрынғыдай алыстан орағытып, амандық-саулық айтып жатпай-ақ тоқ етеріне бір-ақ көшті. — Жаз, — деді ол немересіне зекіп. — Жаз! — Сөйтті де үнсіз қалды. Сақалын сипап біраз отырды да, сөз таппаған соң балаға дүрсе қоя берді. — Жаздың ба? — Не деп жазайын? — «Көке» деп жаз. Не деп жазайын дегені несі? — Сіз оны көке демейсіз ғой… Кемпірбай тосылып қалды да, оған дүрсе қоя берді. — Е, демесем қайтеді екен! Енді соны «көке» деуім қалып еді! Ол тағы ойланды. Немересі столға шынтағын тіреп, атасының аузын бағып үнсіз отыр. Көзінің қиығымен босаға жақтағы посылкаға ауық-ауық ұрлана қарап қояды. Ұзақ жол жүріп, ұзақ күткен посылка қол созым ғана жерде тұр! Осы сәтте балаға посылканы он күн күткеннен гөрі қашан бітері белгісіз мына хатты аяқтап, сыртына адресін жазып шығу әлдеқайда ұзақ, әлдеқайда ауыр сияқты көрінді. — Жаз! — деді Кемпірбай кенет баласының қиялын посылка жәшігінің ішінен суырып ап. Жаз! «Аман-есен жүрсің бе, иттің күшігі?». Жазсаңшы, нағып бақырайып қалдың? Аузымнан не шығады, бәрін жаз. Иә, болдың ба? Болсаң… іммм… — Посылка жаққа қарап, соның ішінен газетке