АҚЫРАМАШТАН НАУРЫЗҒА ДЕЙІН

күн бойы қимылсыз жатқан ауылдың бұйығы тыныштығы кенет бұзылып, төрт күннен кейін қолы бос жұрт дүрлігіп, шағын клубта өтетін жолдастық сотқа ағылды. Жылында өтетін бір жиналысқа клубтың жартысы да толмай, бөлімшенің белсенділері үйді-үйге кіріп, адамдарды тележкамен теріп әкелетін. Бұл жолы қара-құрым боп кетті. Ішке сыймай қалған сорайған мойын мен қолағаштай мұрын, адыраңдаған көз бен қалқиған құлақтар есік-терезеден анталап тұр. Кемпірбайдың жолдастық сотқа түсуі төртінші бөлімше үшін Нюрнберг процесінен бірде-бір кем болған жоқ. Шағын сахнадағы қызыл матамен жабылған ұзын стол, стол үстіндегі өмірі болмайтын су тола графин, қағаз-қаламдар мен электр шамының әдеттен тыс көз қаратпас жарығы, бәрі-бәрі де бүгінгі жолдастық соттың аса күрделі мәселені қарайтынын, оның барынша әділ, барынша қатал өтетінін айғақтай, клуб ішіне үрейлі тыныштық сеуіп тұр. Көп үзамай «процесс» басталып кетті. Сахнаға Кемпірбай шыққанда жұрт бір гу етті де, алдыңғы екі қатарды жайлаған құлағы ауырлау кемпір-шалдар көздеріне жас алды. Жолдастық соттың председателі — жергілікті советтің депутаты, тауықшы Молдабай. Мүшелері: Құрал — бөлімше меңгерушісі (жұмыстан қолы тимей әзірге келе алмай жатыр). Өтеш — секретарь. Көмешбай — зоотехник. Әліқұл Тазабеков — колхозшы. Қысқаша мінездеме: Тауықшы Молдабай — өз ісіне адал берілген, әділетсіздікке төзе алмайтын, ымырашылдыққа жанымен қарсы ежелгі колхозшы. Моральдық жағынан ұстамды. Атеист. Әсіресе ислам дінін жек көреді. Колхоз орталығындағы жалпы жиналыстың 1969, 1973, 1975, 1976 жылдардағы делегаты. Меңгерушісі Құрал Отыншиев — 1972 жылдан бөлімше меңгерушісі. Осы бөлімшеде туып-өскен. Сарыағаштағы Қапланбек зоотехникалық-малдәрігерлік техникумын іштей екі жыл оқып, алдыңғы жылы сырттай бітірді. Қабілетті ұйымдастырушы. Қулығы жоқ, ақ көңіл адал азамат. Былтырғы қуаңшылық жылы ауданнан келген уәкілдің: «қуаңшылыққа қарсы қандай шара қолданып жатырсың?»— деген сұрағына сасып қалып: «Екі рет тасаттық бердік»,— деген. 1968 жылдан КПСС мүшесі. Өтеш Оймауытов — Шымкенттегі бір жылдық бухгалтерлер курсін бітірген. Бөлімшедегі жолдастық соттың негізін қалаушылардың бірі. Арақтың шаруашылыққа тигізер зияны бір жылда 121 мың 437 сом 74 тиын екенін дәл есептеп шығарғалы бері онымен жау боп кетті. Үйлену тойларының өзін де ішкіліксіз өткізу керек деген пікір таратып жүр. Осы пікірін азаматтық кодекстің бір пункті етіп енгізуін сұрап, Қазақ ССР Мәдениет министрлігіне хат жазған. Әлі жауап жоқ. Диета сақтайды. Көмешбай Жидебаев — зоотехник. Теориялық білімі болмағанымен жақсы практик. Колхоз малын ұрықтандыруда СЖК әдісін алғаш қолданғандардың бірі. Интернационалист, антифашист. Чили патриоттарына ынтымақтылық білдірген митинг кезінде сөз сөйлеп, түрмеде отырған Луйс Корволанға ақша салып жіберу керек деп үндеу таратқан. Бірақ, ақша салудың реті келмеді, өйткені Луйс Корволан митингіден бір күн бұрын Москваға біржола келіп қапты. Әліқұл Тазабеков — колхоздың ежелгі мүшесі. Қара жұмыстың қайсысы болса да белсеніп кірісіп кетеді. Бөлімшедегі халықтық

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12