бақылау комитетінің председателі. Жұмысқа екі сағат кешігіп келгені үшін өткен жиналыста өзінің әйелін қатты сынға алған. Әдебиетті жақсы көреді. Бөлімшенің өмірін жырлайтын тарихи дастан жазып жүр деген қауесет бар. Қазіргі оқушы дәптермен 140 бет болыпты. Орыс жазушыларын қатты құрметтейді. Бір баласының атын Мамин, екінші баласының атын Сибиряк қойған. Жолдастық соттың мәжілісін Молдабай ашты. Колхоз бастығы Жаппарқұл мен бөлімше меңгерушісі Құралдың көреген басшылығының арқасында шаруашылық жылдан-жылға өркендеп, еңбеккерлердің табыстан-табысқа жетіп келе жатқандығын, мемлекетке шитті мақта тапсыру жоспары, осы екеуінің зор ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында орындалғанын, әркімнің түтін түтетіп, бала-шаға асырап, оларды оқытып отырғандары да осылардың қамқорлығы екенін жұлып-жұлып айтып шықты. Тауықшы Молдабай почташы Отардың жолдастық сотқа жолдаған арызы мен актісін оқыды. Актіге «Құлағымызбен естідік», — деп екі адам қол қойыпты. Залға куәгерлер шақырылды. Куәгер ретінде Орысбай мен Мүсір кіріп келгенде Кемпірбайдың аузы аңқиып, көзі шекесіне шығып кетті. — Сонымен, жолдас Байжігітов, — деді Молдабай түкке түсінбей отырған Кемпірбайға қарап. — Сіздің осы жыддың 27 ноябрі күні халыққа тұрмыстық қызметті онан әрі жақсарта түсу мақсатымен кезекті сапармен орталықтан хат-хабар алып келе жатқан байланыс қызметкері Отар Төлемісовтің әкесін боқтағаныңыз рас па? — Әй, оны менен неменесін сұрайсың? — деді Молдабайға сығырая қарап. — Ана екеуі «Рас құлағымызбен естідік», — деп жазып беріпті ғой. — Екеуіне көзі түскенде Кемпірбайдың арқасы қозып кетті. — Ойбай-ау, басқа басқа сендерге не жоқ-ей, а? Иттер-ау, екеуің мен үшін төбелесіп едіңдер ғой! Енді кеп «Боқтағанын құлағымызбен естідік», — деп жөні түзу адам бола қапты, түге! Өздерің үйде жатқанда құлақтарың машинада жатпаса, мен боқтап болғаннан кейін келіп едіңдер ғой. Мені емес, осылардың өзін соттау керек, осылардың өзін! — Жолдас… Жолдас Байжігітов, — деді Молдабай оның сөзін бөліп. — Ол бөлек мәселе. Отар Төлемісовті боқтағаныңызды мойындайсыз ба? — Жолдас, жолдас демей жоғалшы-ей, қу кетік! — деді Кемпірбай оған одырая қарап. — Қашаннан бері мен саған жолдас едім! Ал боқтадым! Әкесінің аузын боқтадым, ал! Боқтасам адамды, құрдасымды боқтадым. Құдайдың киелі ораза айты күні тауықтарыңның әке-шешесін түк қалдырмай сыпыртып боқтап жүр едің ғой алдыңгүні. — Құдайды айтпаңыз. Осындағылардың көбісі коммунист, — деді атеист Молдабай. Кемпірбай оған жеп жіберердей ұзақ қадалды. — Әй, Молдабай, аузың қисайып қалады, байқап сөйле, білдің бе? Қамұнест болғанның жөні осылай екен деп бет алды былжырай берме. Кемпірбайдің фактіге негізделген сөзі Молдабайдың беделін түсіріп кетті. Ол сонда да болса жеңіле салғысы келмей, ашу шақырып, әңгіме желісін ескі арнаға бұрды. — Сонымен, боқтағаныңызды мойындайсыз ба? Бізге сол керек. — Мойындаймын деп айттым ғой саған! Анау жағыңа жармасып тұрған құлақ па, жарғанат па?