мен шалдуар, тентек кенже қызы көздеріне жас алды. Үнсіз жылау – басқа түскен ауыртпалықты түсінуден, соған көндігуден тұратынын Жәдігер жақсы білетін-ді. Дегені болмаса көнбейтін, айтқаны орындалмаса таң аппақ атқанша жылаудан шаршамайтын шатақ қызы да «уақытша әкесіздік» өмір мен уақыт қиындықтарына көндігіп қалған сияқты. Жәдігерге осы батты. Балаларының еркеліктен қол үзіп қалғандары, тентектіктен момындыққа ауысып келе жатқан көз жанарларындағы мойынсұну мен момақан мінез өзегін өртеді. Мамалары арқылы әбден біліп алған болулары керек, үш баласының үшеуі де «пап, қашан шығасың?»–деп сұрамады да. Мұның ауруханада ұзақ жатуы үй ішінің қаржыдан қысылуын үдете берді. Оның үстіне, барлық кінә да өз жағында. Демалыс күні болатын. Бұлар бірнеше жігіт көрші колхозға қыдырып барып, кәдімгідей «көңіл көтерген» болатын. Сол колхоздағы бір жолдастары «Беларусь» айдайтын. Ішкілік таусылған соң бәрі – бес жігіт бір тракторға отырып алып, қырдағы магазинге барған. Лайсаң болатын. Қайтып келе жатып «Беларусь» жолдан тайып, жанамайлап барды да, бір жағына жантая кетті…. Мұның төрт қабырғасы, оң жақ бұғанасы сынды. Аш ішекке екі жерден зақым келген. Миы шайқалған деген диагнозы тағы бар. «Арақ ішіп жүріп тапқан жарақат». Дәрігерлер осылай қорытынды шығарды. Қатал қорытынды. Оның он төрт жылдық адал еңбегі ескерілмеді. Оның арақ атаулыны мүлде сирек ішетіні ешкімнің ойына да кірмеді. Рульде отырғандықтан, қылығы қылмыспен пара-пар деген айып та тағыла жаздап, ісін сотқа бермей, оған үлкен жақсылық жасады. Ауруханада жатқан күндері үшін оған бір тиын да ақша төленбейтін болды. –Екі қойды саттық,–деді әйелі бір келгенде. Ол ләм демеді. –Екі ұлдың да мектеп формасы тар боп қапты. Үлкенінің формасы тозып та қалған екен ғой. Ол ләм демеді. –Ден сау болсын,–деді әйелі күйеуінің жүзіне қарамауға тырысып. –Жазылып шықшы әйтеуір. Үйге келген соң екі қой қайда кеткен деп жүрмесін дегенім ғой. Әйтпесе.. нем бар айтып. Дәрігерлер не дейді өзі? Жәдігер жағдайының жаман емес екенін, тек тігілген ішегі бір рет сөгіліп, дәрігерлер қайта тіккенін, сол бітсе, көп ұзамай шығатынын айтты. –Құданың құдіреті,–деді әйелі. –Түсімде… сенің орныңа басқа біреуді алыпты. «Ей бұларың не. Жәдігер шыққалы жатыр ғой десем, баспахана бастығы: «Бізге ішегі бүтін адам керек» деп теріс айналады. —Қызық екен,– деді Жәдігер мырс етіп. –Көп ойлана берме. Жақында шығамын. Бүгін дәрігерлер ұзақ кеңесіп, Жәдігерді шығаратын болды. Оның қуанышы қойнына сыймады. Күйеуі үйге келетін болған соң әйелі екі баласына қыстық пальто алмақ боп сақтап отырған жинақ кассасындағы өткен жолғы сатқан қойдың қалған ақшасын түгел сыпырып ап, «кәдімгідей» тойға дайындалды. Есік алдында екі үйрек пен үш тауықты да сойып тастады. Кіші қызының туған күніне рулі бар шана әпермек боп жинаған ақшаны да алдап-сулап «уақытша қарызға»