ТАҒДЫРДЫҢ КЕЙБІР КЕЗДЕРІ

ап, күйеуін алып келу үшін таңертең жолға шықты. Папалары келетін болған соң балаларының ешқайсысы қабақ шытқан жоқ, қайта қуана келісті. Жәдігердің бүгін келетінін естіген көршілер мен бірге жұмыс істейтін адамдар түстен кейін-ақ бұлардың ауласына жиылып, еркектер жағы кешкі сыбағаларының есебінен Жәдігердің балаларына арақты таптырып алып, бастырманың астынан «төтенше дастарқан» ұйымдастырып жатты. –Қойсаңдаршы, ұят емес пе? –деді бір әйел еркектерге зекіп. –Ұят емес, мамам айтқан, кісілей келсе шай беле беліндел деген. Алақтың қайда тұлғанын да көлсетіп кеткен.–деді кенже қызы тақылдап. Ол шашына үлкен ақ көбелектің қанатындай аппақ бантик тағып алыпты. Кешкі сағат бестер шамасында сонау ойпаңнан қылт етіп баспахананың «Уазигі» көтерілді. –Келе жатыр. Солар ғой деймін, –деді бір еркек бүтін қиярдан бір тістеп. Ол қызып қапты. –Иә, тап солар!–деді баспахана бастығы машинасын бірден танығанын білдіріп. –Біздің машинаның жүрісі ғой. Ағызып келе жатыр. Ауладағы балалар ойындарын тоқтатып, әкелерінің алдынан шықпақ боп оларға қарсы жүгірді. Сәлден соң «Уазик» балалардың қасына кеп тоқтады да, ішінен папасы мен мамасы түсті. Жәдігер балаларына қарай құшағын жая ұмтылды. –Құлындарым, қошақандарым! Қане келіңдерші! Ол ең әуелі кенже қызын, ерке қызын көтермек боп тізесін бүгіп еді, есейіп кеткендерімен ісі жоқ екі ұлы да бірі арқасына, бірі оң иығына жабысты. –Ал мініңдер, мініңдер бәрің! Құлап қалмайтындай мықтап ұстаңдар! Ұстадыңдар ма?!–деді Жәдігер мәз болып. –Иә!–деп үш баласының үшеуі де шу ете түсті. –Ана екеуі жарайды, саған не бар-ай еңгезердей боп,–деді бұларға күлімсірей қарап тұрған Жәдігердің әйелі үлкен баласына ұрысқан боп. Жәдігер үшеуін көтеріп орнынан тұрды да, өзіне қарсы келе жатқан көңілді топқа қарай күлімсіреп жүре берді. Сол кезде ішкі дүниесі тыз ете қалды. Лездің арасында көз алды қарауытып сала берді. –Түсіңдер… түсіңдер,–деуге ғана шамасы келген ол еңкейіп балаларын жерге түсірді де, өзі етпетінен құлады. Сол бойы тұрған жоқ. Машина жалма-жан аудандық ауруханаға қарай бет түзеді. Жәдігер жолда қайтыс болды.

Pages: 1 2 3