«ТАЛАХАН-186»

сығалап сабырсыз көзді арбап қапты. Әрине, бұл төтенше помидорды бала-шаға бірінші көргенде, ол байғұс әлдеқашан талан-таражға түсіп, қазіргі кезде көктей солып жатар еді, бірақ өзінің бақытына қарай оны алғаш байқаған адам қазір аздап молдалықпен айналыса бастаған, бұрынғы парторг Ештен болды. Ол мұны осыдан үш күн бұрын көрген. Осы үш күннің ішінде анау ши қалпақтың астындағы жұдырықтай басына не келіп, не кеткенін бір құдайдың өзі білсін, әйтеуір, бүгін түсте сиырларын бастырмаға қамап болған соң ғана там көлеңкесінде ойнап жүрген төрт-бес балаға көкейіндегі құпиясын ашуды жөн көрді. Балалар білді дегенше бар ауыл құлақтанды емес пе. Он шақты адамның апанды айналып қалуының себебі де сондықтан. Робинзон Крузо қылтиып өсіп тұрған жалғыз түп бидайды көргенде қалай таңырқанса, бұл адамдардың әрқайсысы «құданың құдіретіне» одан кем таңданып тұрған жоқ еді. Бір топ бейғам помидор он шақты жалқау қазақтың басына сан-сапалақ сұрақ қаптатып кетті. Олардың бірі: «Күтіп-баптағанда бұлай өспейтін жарықтық, ешкім қарамаса да қалай жайқалып тұр десеңші» десе, екіншісі: «Мал жемей, адам аяғы баспай қалай аман-есен жетілген?» деп жағаларын ұстасты. Бәрінің сөздері мен үндерінде табиғат ананың мейірбандылығына деген разылық пен құлдық ұрушылық есіп тұрды. Осындай шексіз мейір мен елжіреудің ара-арасынан: «Оңашада жұлып алса қайтер еді?» деген сұғанақ сұрақтар да әр баста бір жылт етіп жоқ болып жатты. — Әдейілеп ексең бүйтіп шықпас еді, — деді «Беларусь» айдаушы Жаппархан әлденеге ызаланып. Ол бүгін үйде, себебі, көрші колхоздағы жолдасы отын түсіріп алайын деген соң алдыңғы күні тракторын соған беріп жіберген. — Айтарың бар ма, — деп оны қостай жөнелді звеновод әйел Ипатша помидорға ренжи қарап. — Баладай баптасаң бүйтіп бітпейді. Әсте, қарамаған нәрсе жақсы өседі. — Ол қазақ арасына кең тарап, бауырға жабысқан өттей біте қайнасып кеткен қағиданы осы қазір ғана, тура апан басында ойлап тауып, алғаш жариялап тұрғандай кеудесін керенау көтеріп қойды. Өзінің орнына бюллетеньде жүрген күйеуін жібергендіктен ол да бүгін үйде демалып жатқан-ды. — Онымен не айтқың кеп тұр? Бәрін бетімен жіберу керек демекпісің? — деді комбайн паркінің күзетшісі Пікән сөзге араласып. — Иә, — деп кіжіне жауап қатты звеновод. — Бәрін бетімен жібергім кеп тұр. Бәрі барсын да, сенің күзетіп жүрген жоқ паркіңнің тас-талқанын шығарсын. Күзетші ойламаған жерден соққы алып қалды. Оның қорып жүрген комбайн паркінің жоқ екені рас болатын. Аспан айналған шілдеде дені сау комбайн паркте тұра ма, бәрінің дала «кезіп» кеткені қаша-а-ан. Парктегі комбайн тараған соң колхоз Пікәнді басқа жұмысқа «пайдаланбақ» болғанда, бұл ауыр тіршілікке араласқысы келмей аудандағы нағашысына барып қайтқан-ды. Аудандағы нағашысы ауылға звондаған. Сонымен, Пікәннің жоқ комбайн паркінің күзетшісі боп істеп жүргені

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9