кекесінге толы тосқауыл алғанына мейлінше қорланып қалды. Білім дәрежесінің саяз екені түкке тұрмайтын апан басында әшкере болғалы келе жатқанын сезіп ол нақты тойтарыс беруге көшті. — Қандала деген ел бола ма, болмай ма ол оны сенен сұрамайды. Сен кімсің? Айдалада жатқан физкультура мұғалімісің. Енді сол Қандаланың болу болмауы саған қарап қалды дейсің бе? Сенің 135 сом айлығыңнан басқа нең бар, оның отыз бес сомының өзі бір ай бұрын қосылды. Білесің бе, сол отыз бес сомды кім қостырғанын? Білмейсің. Мен қостырғанмын, мен, білдің бе? Көзіңді ашып қара былай… — Сіз?.. Сіз? Қ-қ-қалай? — деді мұғалім кекештеніп. — «Әбдештің үйлену тойына не қосарымды білмей тұрмын», — деп деректірің қиналған кезде мен болатынмын оған айлығын өсірсеңіз қайтеді деп ақыл берген. Енді түсіндің бе? Мен айтпасам жүрер ең осы кезге шейін жүз соммен сүмеңдеп. Күнін көре алмай жүріп, «Қандала деген ел жоқ» дейді маған барып. Қандала деген елді білмесең сен білмейтін шығарсың, біз білеміз, былтыр ғана сол жаққа нағашы ағам барып қайтқан. Мұғалім Әбдештің көзі шекесіне шығып кетті. Ипатшаның нөсердей сабалаған сөзі сәл саябырсыған кезде аздап есін жиып: — Бірақ… менің жалақымның… Қандалаға қандай қатысы бар? — деді ызаға тұншығып. — Бар! Жалақының бәріне қатысы бар! Мұғалім көйлегінің түймесін ағытып, жағаға шығып қалған балықтай аузын ашып екі-үш рет қарбытып аптап жұтты. — Дегенмен… бәрібір… менің жалақым мен Канаданың арасында ешқандай байланыс жоқ. Болуы мүмкін емес. Мүмкін емес. — Мұғалім қояншық ұстаған адамдай қалшылдап кетті. — Неме-не?.. Канада? — деді звеновод қараңғыда сөйлесіп тұрғандай оған үңіле қарап. — Иә, Канада… Канада. Қандала деген ел жоқ. Нағашы ағаңыз түгіл оған әкеңіз де бара алмайды. Тіпті, сіз де бара алмайсыз, өйткені ондай ел жоқ. Амал қанша, өмір заңы солай құрылған — жоқ нәрсеге бара алмайсыз. Ешқашан! Мұғалімнің ызаға булығып, жыларман халде қалтырап сөйлеп тұрғанын көрген Ипатша оны кенет аяп кетті де, қарсы дау айтпады. Оның үстіне, күні бойы бұл «Қандала деп қақсап тұрғанда жақ ашпаған апан басындағы шеңбер «Канада» деген сөзді естіген кезде «иә, иә», ондай елдің болуы мүмкін» деп шу ете түсуі оның әрі мысын басып, әрі ызасын қоздырып кетті. «Сатқындар, — деді іштей Ипатша ызаланып. — Сатқындар. Осыларға ғой мен табель толтырмасам баяғыда аштан өлер еді. Баяғыда! Жақсылықты білмейтін оңбағандар өңшең. «Көпшілік, көпшілік» деп әбден есіртіп жіберді осыларды. Бұлардың қай жері көпшілік? Анау тұрған қалқан құлақ па, әлде төртінші класта үш жыл отырған миғұла мына мақұлық па, әлде түсте қарны тойса, кешкі асын ойламайтын ана шеттегі кеще ме? Бұларды бір жерге жиналғандықтан көпшілік деп атай