беруге бола ма екен? Бәрі әумесер сатқындар ғой, сатқындар! Өздері өтпей жатып біреуді сатуға құмар. Басқа еш нәрсе қолдарынан келмесе де сату қолдарынан жақсы келеді. Көрмейсің бе, «ондай елдің болуы да мүмкін» деп ауыздарының қисая қалуларын. Ал болсын-ақ, сонда немене, міндетті түрде шу ете қалу керек пе? Тым болмаса үндемей-ақ қоюға болады ғой. Сауатты бола қалуларын табан астынан. Надандардың көзі ашылды дегенше, жарық дүниені түнек басты дей бер. Сатқындар, келтірермін алдарыңа! Келесі айға осы тұрған бір де біріңе табель толтырмаспын-ау, бәлем. «Канада» деген ел бар ма, жоқ па сонан соң сұрап көрейін, қалай сайрар екенсіндер сонда». — Сонымен бұл қандай сорт болып шықты өзі? — деді Нәметай ауыр үнсіздікті бұзып. Ипатша оған алара қарап: — Ал соны білгенде не болмақ? Қатының қайтып келе ме? — деді әлі ызадан айыға алмай. — Келеді, — деді Нәметай Ипатшаны таң қалдыра өте сабырлы жауап беріп. — Келгенде қандай. Осы помидордың сортын ажыратқан күні қайтып келем деп кеткен. — Түсінікті, — деді Ипатша ернін жымырып. — Мейлінше түсінікті. Бірақ өкінішке орай, бұл помидордың сортын білетін адам жоқ. — Ол екі қолын артына ұстап, апан шетінен алыстай берді. — Ботаника мұғалімі Рамазанды шақыру керек, — деді топ ішінен біреу. — Ол екі баласын сүндетке отырғызу үшін Арыстағы хирургке алып кеткен, — деді физкультурашы Әбдеш. — Бұл жетіде келе алмас. — Немене, өзіміздің Оспан молда тақиясына тар келіп пе? — деп Нәметай қайта сөзге араласты. — Осы ауылдың бар баласы соның кездігінен өткен. Тіпті, өзін неге ойламайды ол? Өзі де сол Оспан молданың қолынан өтіп-ақ әйел алып, бала өсіріп, бір қоралы жан болып отырған жоқ па? Бұл хабар апан басындағы жұртқа жай түскендей әсер етті. Әсіресе Пікәнға қатты батты. — Шірік! — еді ол ерні кезеріп. — Өмір бақи екі адамның басы қосылған жерге аяқ баспайтын арамза. Үндемей жүріп-жүріп жылыстап тайып тұрғанын қарашы. Екі баласын жетектеп. Оспан молданың үйін қалай ғана аттап өтті десеңші. Жарықтық молдекеңнің кездігі бүкіл ауылға атам-заманнан бері жағып келе жатқанда, Рамазанның әңгүдік екі баласына жақпай қалған екен ғой. — Ол екі қолын сермеп ызалана сөйлегені сондай апанға құлап бара жатқан жерінен жұрт зорға ұстап қалды. — Ел осылай бұзылады, — деп үнсіз тұрған Жаппархан ақтық тұжырым айтты. — Бүгін ол, ертең мен, бүрсігүні сен…. Өстіп-өстіп бәріміз бұзыламыз. — «Сен» деген кезде оның көзі қаңғып жүріп Пікәнға түсіп кетіп еді, анау аяқ асты айқұлақтанып шыға келді. — Неге мен? — деді ол екі құлағы едірейіп. — Неге мен бұзылам? Бұзылмақ түгіл маған десеңдер