қирап қалыңдар, онда менің жұмысым қанша? «Өстіп-өстіп бұзыла береміз» деп сәуегей бола қапты табан асты. Жұртты сендер, мына сен сияқтылар бұзады, білдің бе, сен сияқтылар!.. Ол қазақ халқы бүгін құрып бара жатқандай қалшылдап, дірілдеп аузынан түкірігі шашырай сөйледі. Осы кезге дейін апан басына жиналған жұрттың қарасы молая түскен болатын. Адамдардың саны да, сапасы да, жас мөлшері де, әртүрлі боп өзгерген. Колхоздың спорт секциясын басқаратын Виктор даладағы бір беймазалықты сезініп, есік-терезесін қараңғылап жатқан салқын үйінен шығып, шыжыған ыстыққа қарамастан синтетика спорт формасымен осында жаңа ғана жетіп еді. Шын аты Бектұр, бірақ ол мектепке барған жылы осы аудандағы қазақтар арасында орысша аталу мода болды да, ол атын Виктор деп өзгерткен болатын. Сол Виктор үйінде оқымайтын газетті жұртқа қыр көрсету үшін қолына ұстай шыққан еді. Ол апан басына келгенде Пікәннің: «… елді сен сияқтылар бұзады» деген соңғы сөзін естіп қалды. «Кімді бұзады, неге бұзады?» деген сауалдарға көпшіліктен тиіп-қашып жауап алып болысымен ол газетке үңіліп тұрып: «Сүндетке отырғызу деген түбі тоқталады, босқа даурықпаңдар» деп мүлде қиямпұрыс әңгіме бастады. — Немен, неме-не? — Пікән оған төніп үңіле қарады. — Ертеңгі күнге реально қарау керек деймін. Енді жүз жылдан соң жер бетінде мұсылман да, кәпір де болмайды, ұлт деген атымен жойылады. Қазағың да құриды. Жұрт жамырап кетті. Кімнің не айтқанын ешқандай электронды аппаратпен айырып алу мүмкін емес еді. Дегенмен сол ұлы шудың арасынан мынандай дыбыстар жан-жаққа ерекше екпінмен ұшып жатты. О, әк… Кім қалады? Нақ… шеш… гейін… нәлет.., қызтал… өзіңқұры. Ит… шош… есек… дорақ… ойнаст… туған… оңыз… Апан басында көтерілген тозаң басылып, тәпігі саябырсыған шақта Виктор: — Маңырап болдыңдар ма? — деді газеттің келесі бетін аударып. — Болдық, — деді Пікән қалай жауап бергенін өзі де байқамай. — Болсаңдар былай: дәл осылай он жыл бойы маңырасаңдар да, ауылдан балалардың кеткені кеткен. Пікән мен Ипатша кеңірдегін жұлып жатыр екен деп олар орта жолдан қайтып келмейді. Ал Оспан молданың кездігіне келетін болсақ… оның да қажеті бола қоймас… Мәселен, мен өз балаларымды молдаға да, дәрігерге де бермеймін. — Сонда… не… қалай? — деді Нәметай, бір саусағымен келесі саусағын кесіп. Виктор теріс қарап қолын сілтеді. — Ешқашан? — Иә, ешқашан. Олай жасамағандар да аман-есен жер басып жүр ғой. Қалай жүр еще, бізден бес есе ақылды, он есе қу. Бағанағы шу қайта қозып, неше түрлі уытты сөздердің жаңқасы жан-жаққа тағы ұша бастады. Ешкім ара түспесе де дау-дамай ақырамаштың ақаба суындай өзінен-өзі бәсеңсіп, сәлден соң мүлдем тыйылды. Дәстүр мен ұлт мәселесін біржола шешіп алған жұрт енді тіршіліктің күнделікті ұсақ-түйегіне қайта оралып, апан