«ТАЛАХАН-186»

түбіне қайта үңілді. Помидор бағанағысынан да өсіп, жапырағы қоюлана түскен секілді. Кеседей-кеседей қызыл, қызғыш жемістер бүйірін бұрынғыдан да жалаңаштап, көк көрпелерінің арасынан апан басындағы көп жұртқа бадырая қарап тұр. Пікән бастаған екі-үш адам түкірігін жұтты. Топ ішінен әлдекім үн қатты: Неше түп өзі? —  Үшеу ғой деймін, — деген әлдекімнің жауабы естілді. —  Бір жазда қанша кілә берер екен? —  Кім біледі. Әрқайсысы екі кіләден бергенде үшеуінен алты-жеті кілә түсіп қалар. —  Мәселе сортында ғой, – деді Пікән Ипатшаға қарап қойып. — Сортын білсек, өнімін де білер едік. — Ол назарын Викторға аударды. —  Сен мынаның сортын білмейсің бе, ей? – деді оны мұқатудың сәтін қалт жібермей. —  Ит біліп пе? — деді әлі ашуы басылмаған Виктор дауысын сілкіп. —  Неге ит біледі, сен білуің керек. —  Көрінген қоқыр-соқырды сақтай беретін менің басым чердак емес. —  Шіркін-ай, сол сөзіңе қарай басыңды ашып көрер ме еді, — деді Пікән. — Иә, не табар ең? —  Мидан басқаның бәрі табылар еді-ау. Айталық списат етілген шаңғы, кәнки, матрас, әлімпике… — Пікән кенет аспанға қарап қарқылдай күлді. Виктор шарт сынды. —  Әй, аспанға қарап неге күлесің? Немене, албастының астын көріп тұрсың ба? Пікәннің күлкісі пышақкесті тыйылды. Екі құлағы қалқиып, көзі ежірейіп, ерні салпиып, мұрны шуылдап Викторға қарай жылжи бастады. —  «Крик в споре – аргумент, кулак – доказательство», – деді Виктор оны аспай-саспай қарсы алатындығын білдіріп. Әбдештің жаман тамының ар жағынан Оспан молда қылт етіп есекпен шыға келмегенде, бұл ерегістің аяғы немен бітерін айтудың өзі қиын болар еді. Алыстан ит көрген мысықтай жұрт тына қалды. Оспан молда жиылған топқа әуелгі кезде онша мән бермеп еді, олардың әлденеге толқып, дүрлігіп жатқанын көріп, есегінің ноқтасын тартты. Оның қасына Ипатша жетіп барды. Жетіп барды да, екі қолын жан-жағына ерсілі-қарсылы сермеп, болған оқиғаларды баяндап шықты. Ипатшаның айырдай қолы тыныш тапқанда Оспан молданың есегі апан жаққа қарай аяңдады. Апан басындағы жұрт үшін молдекеңнің бері бұрылуы Наполеонның Парижді тастап, Арысқа көшіп келе жатқанындай ерекше әсер етті. Осекең жұртты қақ жарып апан ернеуіне жетіп, тоқтады да, оның түбіне үңілді. Үңіліп ұзақ тұрды. Ұзақ тұрды да: «Құданың құдіреті» деді күбірлеп. Әңгіменің помидор жайлы екенін, ол кісінің мұнымен мүлде шаруасы жоқ екеніне көзі жеткен Виктор терең бір демалып, жұрт қатарына кеп тұрды. Помидордың қандай сорт екенін ешкім ажырата алмады, тіпті, молдекең де білмейтін боп шықты. «Молдекең де білмейтін боп шықты» деу үшін де негіз бар еді. Өйткені, бұл кісі анадан туғанда басына дәл қазіргідей сәлде орап туған жоқ, осы ауылдың барлық адамы секідді

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9