бір жапырақ қызылшақа боп дүниеге келіп, тәй-тәй басып, балалық құрып, онан соң оқуға талпынып, ол ниеті жүзеге асып техникум бітірді, сөйтіп, пенсияға шыққанша алыс бөлімшеде қатардағы қарапайым да момын агрономдық жұмыс атқарды. Оның бұл қызметін апан басындағылардың бірі біліп, бірі білмеуі мүмкін. Дәл осы жолы ол өзінің әріптесі, халықаралық тілмен айтқанда — коллегасы, көрші колхоздың бұрынғы парторгы, екі жылдан бергі молдасы Кәдештің көңілін сұрап, қайтып келе жатқан беті еді. — Қандай сорт болса, ондай сорт болсын, шорту, бұл мұнда қайдан келді, соны айтыңызшы, — деп Пікән бұрынғы агрономға телміре қарады. Сол сол-ақ екен жұрт гу ете түсті. «Соны да білмейсің бе?», «Соған да миың жетпеді ме?» деген сияқты толып жатқан мұқатулар оған жан-жақтан жаңбырдай жауды. Сұрақ өзіне арналып берілген соң молдекең оған көзінің астымен қарады да, Ипатшаға иек қағып: — Мына құдайдың құлына әлі түсіндірмегенсіңдер ме? — деді. Жұрт жан-жақтан жабылып, оған түсіндіре бастады. «Солай да солай. Шұқырға помидор қайдан келуші еді, түзге шыққан адаммен бірге келеді ал адам мұнда неге келеді, келгенде не істейді?», тағы тағылар жайлы егжей-тегжейлі айтып шықты. Пікән мән-жайды Ипатшаның аузынан тыңдап, ұғып болған соң маңқиып біраз тұрды да: «Тіфу!» деп жерге бір түкірді. Жұрт оның бұл қылығын тағы теріске шығарып берді. «Солай да солай. Дәннен шыққан дәм арам болмайды». Физкультура мұғалімі мен спорт секциясының жетекшісі бұл ойды Пікәнға жете түсіндіріп берді. — Рас па осылардың айтып тұрғаны? — деп ол Оспан молдаға ақтық сауал тастады. — Осындай да осындай жағдайда апанға түскен өсімдіктің жемісін жеуге бола ма? Жей қалған күнде адам күнәһар болмай ма? Молдекең апанға үңіліп ұзақ тұрды. Сол жақтан әлдеқандай бір жауап тапқандай оқыс басын көтерді де: — Бұл сауалдарыңызға ертең азанда жауап беріледі, — деді. Соны айтуы мұң екен, дәл осыны күтіп тұрғандай көк есек те үйреншікті үй жағына қарай қозғала берді. Физкультура мұғалімі бәйек боп молдекеңнің есегін ноқтасынан жетелеп жолға сап жіберді. Бұл кезге дейін апан басына ауылдың жартысына жуығы жиналып үлгерген-ді. Бүкіл ауыл жұмыста деп ойлаған жоқ, комбайн паркінің қарауылы Пікән адамдардың бәрі өзі сияқты үйлерінен табылғанына қайран қалды. Таңертеңгілік осы адамдардың көбісі жұмысқа кетіп бара жатқанын ол өз көзімен көрген, бірақ олар қашан және қай жолмен үйлеріне қайтып келгендеріне басы жетпей дал. Сөйтіп, апандағы помидордың қандай сорт екенін ауыл боп таппай қойды. Арыстағы емханадан ерте оралған ботаника мұғалімі мен колхоздағы бүкіл агроном біткен жабыла зерттегенмен оны ешкім ажырата алмады. «Үй сыртындағы шұңқырда өскен помидорды жеуге бола ма, болмай ма?» Бұл сұрақ та көпке дейін шешімін таппады. Бұл аралықта ылғал