қорегі мол апан ішіндегі помидор толықсып пісіп, ауылдағы бала біткеннің, тіпті, ересектерінің де көзінің жауын алып бітті. Мұндай жағдайда өсіп тұрған жемісті жеуге бола ма, болмай ма деген сұраққа ертең жауап беремін деп кеткен Оспан молда да үнсіз жатыр. Жоқ комбайн паркінің қарауылы Пікән түнделетіп апан басына талай рет келді, бірақ бәрінде де помидорды үзіп алуға батылы жетпеді. Келесі жетіде, бұл жолы кешкі салқын кезінде, помидор маңына он шақты адам тағы жиналды. Сол кезде барып олар ең шетте тұрған, ең қызыл, ең үлкен екі помидордың жұлынып алынғанын көріп, бір-біріне таң-тамаша боп қарасты. Жиналғандар оны кім алуы мүмкін екендігі жайлы күдіктерін айта бастады. Осы ауылдағы адамдардың мінезі-құлқы мен жақын маңдағы қылықтарын таразылай келіп помидорды жұлған Пікән, себебі, сол кезде оның апан басына оңаша келуі әбден ықтимал деп жорамалдасты. Жорамал апан басында, Пікәннің көзінше айтылды. Табан астында дау көтерілді. Бұл даудың үстінде әркімнің кеше, алдыңкүні, тіпті, өткен жылдары, қала берді, ата-бабалары не істеп, не қойғандығы жайлы әртүрлі тұспалдар, болжамдар мен нақты фактылар айтыла бастап, әркім өз қанының тазалығы үшін кеңірдек жыртып, білгенінше, шамасының келгенінше намыстарын қорғауға тырысты. Сөйтіп, апан ішіндегі үш түп помидор сүттей ұйып отырған шағын ауылдың шырқын бұзып, ию-қию күйге түсірді. — Невадада ядролық қару сыналыпты, — деді Виктор.— Қуаттылығы 150 килотонна. Жұрт үндемеді. — Мәссаған, — деді ол сәлден соң. — Дәл осындай қару біздің Семейде де жарылыпты. Жұрт оған көзінің астымен қарап қойды. — Мұсылман елінде сана жоқ, — деді ол қарап тұрмай. — Иран мен Ирак кешегі бір шайқаста бір мың екі жүз елу адам жоғалтыпты. Оларға қашан ес кірер екен. Пікән шыдай алмай шарт кетті. — Әй, оттамай аузыңды жапшы-ей! — деді ол Викторға қанталаған көзімен бір қарап. — Не істерге білмей жұрттың басы қатып тұрса, қайдағыны айтып қақсай бергені несі? Оның пікіріне жұрттың бәрі қосылды. Дегенмен, Виктордың көлденең сөзі апан басындағы ашу-аразды сабасына түсіріп кетті. Ызалы топ тұс-тұсқа тарай бастады. Әркім өзінше жеке-жеке кетті. Виктор жалғыз қалды. Екі-үш күн өткен соң ауыл қайта дүрлікті. Помидор өсіп тұрған апанды түнде келіп әлдекім бульдозермен тып-типыл етіп тегістеп кетіпті. Тегістепті де, кішкене тақтайша қағып қойыпты. «Талахан-186″ — помидордың кеш пісетін сорты. Мейлінше ыстық жерде ерте пісуі мүмкін. Ылғал мен құнар мол болса, әр түптен 15-20 килограмға дейін жеміс алуға болады». Ауыл адамдары енді апанды кім тегістегені жайлы, тегістеген кезде помидорды түгел жинап алды ма, әлде алмай-ақ көміп тастады ма деген сияқты аса маңызды мәселе төңірегінде бас қатыруға кірісті.