МӘҢГІЛІК ҚАҒИДА

…Сонымен, бәрі де бітті. Екі айға созылған алдын ала тексеру, куәлардан жауап алу, тексеру изоляторында отырған үміт пен өкінішке толы күндер, адвокаттың мұны ақтап алмақ болған әрекеті, бәрі-бәрі артта қалды. Ол сот процесі өтіп жатқан ең соңғы сәтке дейін еркіндіктен үмітін үзбеп еді. Үкім жаңа ғана оқылды. Үкім оқылып жатқанда бостандықтың есігіне қол созым ғана қалғандай, сол есікке тезірек жетуге асығып, соттың ең соңғы сөйлемді тезірек оқуын тағатсыздана күтіп, жүрегі тайдай тулап тұрды. Кенет… Барлық үміт пен алданыш қас-қағым сәтте ойран боп шыға келді. — «…Айыпкер Андас Аяпбергенов Қазақ Республикасының қылмысты істер жөніндегі статьясының №6-тармағына сәйкес қылмысты деп табылып, алты жыл бас бостандығынан айырылсын. Жазаны өтеудің алғашқы екі жылы балалар колониясында ал, айыпкер он сегізге толған соң қалған төрт жылы ересектер түрмесінде, жалпы ережеге сәйкес өткізілсін…» Ол камераға қайтып келген соң барып есін жиды. Соттың манағы үкімінен соң-ақ қақпағы тарс жабылған зындандай төңіректі басқан қою қараңғылық пен ақырзаман азасындай басын мең-зең еткен ретсіз шуыл бірте-бірте сейіліп, көз алдына өткен өмірі мен болашақ тіршілігінің айқын көріністері келе бастады. Қара түнекті бірте-бірте алмастырып келе жатқан буалдыр сағым арасынан ол әуелі қарақұрым боп жиналып тұрған дүйім жұртты көрді. Алғашқы сәтте олардың кімдер екенін, неге құжынап жинала қалғандарын, жүздерінің неліктен көңілсіз екендігін түсіне алмай біраз жатты да, сол құжынаған топтың алдыңғы жағында отырған анасы мен әпкесін және екі інісін көріп, олардың сот залына жиналған адамдар екенін еске түсірді. Әне, енді анық көрінді. Анасы ебіл-дебіл жылап отыр. Сот үкімі оның да есін тандырып кетсе керек, әпкесі оны бір қолымен құшақтап, екінші қолымен көзінен сорғалаған жасын тынымсыз сүртуде. Анасының ұлы қайғысы өз қайғысынан әлдеқайда ауыр екенін сезгендіктен бе, әлде, екі айға созылған үміт сәулесі қас қағым сәтте түнекпен алмасып шыға келгеніне оның әлсіз жүрегі төзе алмас деп қорықты ма, әпкесі Зүбайра өз көзінен сорғалаған жасын еркіне қоя беріп, сүртуге де әрекет жасамайтын сияқты. Ал, бірі он, екіншісі сегіз жасар үйелмелі-сүйелмелі екі інісі болса көздері жасаурап, жүздері сұрланып, қимылсыз қатыпты да қалыпты. Екі інісінің жасаураған көзі мен сұрланған жүзінен ол дәрменсіздіктің, қорғансыздық пен мүсәпірліктің анық пайда болып үлгірген нышандарын көріп, жүрегі біз қадалғандай шым ете түсті. Ол өзінің олардан үлкен екенін, оларға аға екенін алғаш рет сезінді. Анасы Биғанымды айтсаңшы. Осы өмірінде о байғұс не көрмеді десеңші? Күйеуін жерлеу, төрт баламен жесір қалу, төрт баланы оқыту, өсіру, әр күнін тиын санап өткізіп келе жатқан ит тіршілік. Енді кеп міне, баласының абақтыға айдалғанын көру… Қалай еді, бәрі неден басталып еді өзі? Қарғыс атқыр сол бір жексенбі!.. Бәлкім сол

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8