— Мұндай мәселені мазаққа айналдырғаны үшін насыбайшы шал жиналыстан қуылсын. Долой! — деді. Оған насыбайшы шал дау айтты. «Жақтырмасаңдар жасырын дауыстың кезінде сызып тастайсыңдар» деп жұртты сабырға шақырды. Таңқаларлығы сол, Желдібайды қолдаушылар да табылып, оның фамилиясы кандидаттық тізімге отыз екінші боп тіркелді. Сонымен, кандидаттарды тіркеу тоқтатылды. Кандидаттар тізімі тіркелген бюллетень дайын болғанша жұрт таза ауа жұту үшін үзіліске шықты. Әр кандидат жайлы көзқарастарын, кімді қолдап, кімді құлату керек екенін айтып сайлаушылар топ-топқа бөлініп, күбір-күбір, сыбыр-сыбыр әңгімеге көшті. Белгіленген тәртіп бойынша сайлау үш кезеңнен тұратын болды. Алғашқысында көп дауыс алған алты адам іріктеліп шығуы тиіс. Сонан соң алтаудың үшеуі қалу керек. Соңғы кезеңде сол үш адамның ең көп дауыс алғаны колхоз бастығы боп сайланады да, келесі жиында ол «өз кабинетін» жасақтайды. Қолынан іс келеді-ау деген кандидаттар жік-жікке бөлінген қарсы топтың күшімен бірінен соң бірі топалаң асып, ең соңғы турға елеусіз үш адам бөлініп шықты. Олар бұрынғы директордың шофері Тәліп, жас мұғалім Құдаш, пенсионер Желдібай, яғни, шатақ шал. Өздері берген дауыс нәтижесі бойынша енді осы үш адамның біреуі міндетті түрде өздеріне бастық болатындарын естігенде көп адам талып қала жаздады. Амал не, сайлаудың аты сайлау, демократияның аты демократия, өз қолыңды өзің кесе алмайсың, көнесің. Ерікті сайлаудың адам ойламаған мынадай қорытындысына тірелген жұрт күлерін де, жыларын да білмей дағдарып қалды. — Желдібай бастық болса жетіседі екенбіз? — Бүйткен демократияларыңның нақ әкесінің көрін! Залдың әр жерінен ызалы дауыстар естіле бастады. Өзі алдыңғы турда-ақ өтпей қалған Шыдан жиналысты басқаруды қайта қолға алған еді. — Жолдастар, шуламаңдар! Сендерді ешкім зорлаған жоқ, өздерің дауыс бердіңдер екен, енді аяғына шейін күтіңдер! — деді ол да ызалы дауыспен. Желдібай насыбайшы шалды түртті. — Айғай шығарғандардың бәрін қағазға түсіріп қой, — деді сыбырлап. — Кейін керек болады. — Жазбай-ақ білем ғой оларды. Сайлау нәтижесіне көңілі толмаған адамдар келесі турға қарамай үйлеріне кете бастады. Колхозды сақтап қалу жөнінде алғаш сөз көтерген Мәулен ақсақалдың көзіне жас тығылды. «Бұл ел ел болмас, — деді ол өзінен-өзі күбірлеп. — Көкіректерінде саңылау жоқ, істеген ісінде береке жоқ. Ақырға айдасаң тақырға қашатын мақұлықтар! Мынадай санасыз дүрмекпен осынша жыл қалай тіршілік қып келгенбіз? Бір кезде бәрінің ақыл-есі сау, саналы ел сияқты еді ғой. Мына түрімен өзін-езі орға жығады ғой бұ жұрт. Жықты деген осы емес пе? Бұ жұртқа не болған?..» Клубтағы көпшілік жұрт сайлауды қайта өткізу керек деп талап қоя бастады. Терісі сөгілсе сүйегі төгілгелі тұрған баяғы «диссидент» арық жігіт сахнаға шығып айғай салды. — Егер Желдібай бастық болатын болса, онда ақырзаманның келгені. Сендердің қалай ететіндеріңді қайдам, мен