енді бастық та, экономист те жоламай қойды. «Бұл ауылды құдай қарғаған» деген сыбыс та шыға бастады. Оны құдай неге қарғады, қашан қарғады, ол жағын ешкім біле алмады. «Құдай қарғаған» деген сыбыс күннен-күнге етек алып, ол пікір діни күдіктен қоғамдық тұжырымға ұласып, коммунистер мен социалистердің де, демократтар мен толып жатқан ұлттық партия өкілдерінің, тіпті, айтулы атеистердің өздерін де иландыра бастады. Енді көп адам бұл ауылдан айналып өтетін болды. Қолы ұзындар бұл колхоздан туыстарын көшіріп алып, қолы Қысқалары «құдайдың пешенеге жазғанын көріп», осында қала берді. Облыс, аудан басшылары енді не істерге білмей бастары әбден қатты. Таратып жіберейін десе сонша адамды қайда жібереді? Бөлшектеп-бөлшектеп басқа колхоз-совхозға қосып жіберуді қарастырып көріп еді, басшылары сотталып, жынданып жатқан «қарғыс атқан ауылды» қосып алудан барлық бастық ат-тондарын ала қашты. Істері алға баспай қойған соң ауыл қариялары мен басшылары бірігіп, мал сойып, тасаттық жасады. Аяқ жететін жердегі көріпкелдермен ақылдасып, балгерлерге бал аштырды. Олар да мандытып ештеңе айта алмады. «Облыс орталығында бір көріпкел тұрады екен, ол алақандай колхоз түгілі бүкіл бір ауданның он жылдық өмірін қолмен қойғандай айтып бере алады-мыс» деген қауесет жеткенде бүкіл ауыл боп ол жаққа аздап тәуіпшілікпен айналысатын Азнабайды шұғыл аттандырды. Ол қайтып оралғанда ауыл боп алдынан шығып: — Не жақсылық бар, көріпкел не айтты? — деді басқарма мүшелері ең басты сауалға бірден көшіп. — «Елдеріңде бір рет су тасқыны болады, үш әйел егіз туады, деді. Басқа планетадан адамдар келеді. Сақ боп жүрмесеңдер біреуіңді алып кетеді дейді». Жұрт иықтарын қозғап, бір-біріне қарады. — Немене, немене? — Бастық оған төне түсті. — Мына кісі не деп лағып кетті. Оу, біз сізді облыс орталығына жібергенде бұл колхозда қанша әйел егіз туатынын білу үшін жіберген жоқпыз ғой. Тіпті, оны бізге білудің қажеті қанша! Экономикамыз қашан көтеріледі, эко-но-микамыз! Одан да соны нақтылап сұрамадыңыз ба? — Сұрадым. — Иә, не деді? — Мен экономист емеспін. Оны білгілерің келсе шетелде аты жер жарған бір көріпкел тұрады, соған барыңдар, -деді. — Ол қай жерде екен? — Білмейм. Мына қағазға адресін жазып берді. — Азнабай бастыққа тілдей қағаз ұсынды. Бастық қағазға үңілді. «Австрия. Вена. Вагнерштрассе, 42. Эрхард Мария Глоба». — Бастық қағаздан басын көтеріп: –Бұл еркек пе әйел ме өзі? — деді. — Білмейм. Барғанда бір-ақ көрерміз. — Немене, енді сонда бармақсыз ба? — Валюта болса барып қайтқанға не жетсін. — Валюта! Оны қайдан табамыз? Колхоздың кассасында совет ақшасымен бір сом да жоқ. — Елден жинау керек. — Елден! Ел де титықтап болды емес пе, — деп бастық өзімен-өзі сөйлескендей күбірлеп еді, осында тұрған