ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ АРМАН

экономист сөзге араласты. — Ел табады ғой. Жинайды, жинаймыз, — деді сенімді үнмен. — Ертеңгіні білу бәрімізге ортақ іс қой. Кешке қарай актив жиналысы шақырылып, Азнабайды Австрияға жібереміз бе, жібермейміз бе деген мәселе талқыланды. «Азнабайға қарап тұрған күн жоқ, қолы бос, барса барып қайтсын» деген пікір айтылып, актив жиналысы оны шетелге жіберуге шешім қабылдады. Елден ақша жинап, оған валюта сатып алу мен шетелге шығу тәртібін реттеу экономист Өзденбекке тапсырылды. Бір айдан соң ауыл улап-шулап Азнабайды Австрияға шығарып салды. Азнабай шетелде бір жарым ай жүріп келді. Оны өлдіге санап, енді іздеу салғалы отырғанда ол кенет екі кештің арасында су жаңа «Мерседеспен» сап ете қалды. Кешегі қатқан қайыстай Азнабай жоқ, диланып, беті жылтырап, мұрты майланып қапты. Басынан аяғына дейін шыттай шетелдік киім. Ол ауылдастарын жинап ап екі күн, екі түн әңгіме айтты. Әуелгі кезде жерлестері оның өзгерген түрі мен пошымын көріп сөйлесуге батылдары жетпеп еді, бірте-бірте үйреніп, сырт киімі болмаса ішінде баяғы Азнабай жүргенін көріп қуанып қалды. — Сонымен, әлгі Глоба не айтты? — деді колхоз басқармасы шыдай алмай. — Ой, ол туралы кейін, — деді Азнабай жұртты таң қалдырып. — Алдымен мен неге кешіктім, соны сұрамайсыңдар ма? — Иә, соны айтшы, — деп итінді шалдар жағы. — Ойбо-ой, бұ қазекемнің де жүрмейтін жері жоқ екен. Әлгі жерге барып түскен күні ертесіне қолыма әлгі адресті алып ал кеп іздейін, ал кеп іздейін. Олар қазақша білмейді, мен шетелше білмеймін, ай қор болдым ғой. «Осы жалпақ елде нежойлы қазақша білетін бір адам табылмас дейсің» деп көрінген қара адамды тоқтатайын. — Әй, қазақша білесің бе? — деймін. Олар басын шайқап күледі де кете береді. — Содан бір күні… О, құдай-ау десеңші, пендесін өлтірмеймін десе Алла есебін табады екен ғой. Бір күні үмітім үзіліп, қонақ үйге қайтып келе жатыр едім, әп-әдемі келген бір жігіт, жасы осы Шыдандар қатарлы болуы керек, машина сүртіп тұр екен. Қолыммен ымдап әлгі қағазды соған көрсеттім. Ол оқып қарады да «білмеймін» дегендей басын шайқады. «О, құдай, енді елге не бетімді айтамын» деп күрсініп едім, әлгі жігіт мені бас салып құшақтай алғаны. «Бауырымдап» көзіне жас алды. Сөйтсем ол қазақ екен. Үйіне ертіп барды. — Әке-шешесімен таныстырды. Ұзақ таңға елдің жағдайын айттым, олар бала-шағасымен ауыздарын ашып еліте тыңдады. Ол жерде отыз шақты қазақ семьясы тұрады екен. Бәрі бірінен соң бірі қонақ қылып, бір ай уақытым соған кетті. Қалаларын аралатты, орманға аң аулауға алып шықты. Әне бір алдыңғы аяғы қысқа бір жануар болушы еді ғой, аты немене еді? — Қалталы қасқыр. — Иә, қалталы қасқыр

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11