бостандықтың мұндай түрін қалай қабылдауларын білмей, айдалада адасқан жолаушыдай аңтарылып тұрды да қалды. Аудан болса «бір бәледен құтылдық-ау, әйтеуір» дегендей сол кеткеннен мол кетіп, бұл жақтың өлі-тірісімен ісі болмай үшті-күйді ғайып болды. Басқа шаруашылықты аралайтын ауданның ірілі-уақты басшылары бұл маңды айналып өтетін адырдан жаңа жол салып алды. Аудан бөліп тастады екен деп ауыл адамдары қарап отырып өлсін бе, он шақты күннен соң естерін жиып, тіршілік қамына кірісті. Әуелі төбе басына кешқұрым шалдар жиналды. «Бет-бетімізге тараймыз ба, әлде бір әрекет жасаймыз ба? Жасасақ, әрекетті неден бастаймыз?» деді ауылдын ең үлкен қариясы ұсқындары құйылып, мүсәпір халге түсіп үлгірген он шақты қиқы-жиқы шалға қарап. Ешкім үндемеді. — Тарағанда қайда барамыз? — деді әлден соң маңдайын шибарқыттай әжім басқан бақташы шал күрсініп. — «Қарғыс атқан ауылдың» адамына кім ынтық боп отыр дейсің. Ел аман, жұрт тынышта ата-бабаның моласын тастап қайда үдере көшеміз? Көшкеннен мүйіз шықса шығар еді ғой осы кезге шейін қарағайдай боп! Көшіп барған жерде біреу бізге керт құйрықтан сыбаға дайындап отыр дейсің бе? — Рас-ау, — деді қураймен жер шұқып отырған насыбайшы шал жерден көзін алмаған бойы мырс етіп, — қазір ешкім жетісіп отырған жоқ, өздері де көшіп кетуге жер таппай отыр. Жұрттың бәрі бөтен кісі көрсе кірпідей жиырылатын болды емес пе? Не болса да осында қаламыз. — О, құданың қүдіреті! — деп күрсінді заманның тыныш кезінде «шатақ шал» атанған қорықшы ызаланып. — Бір кезде колхозға кіруге қарсы болдың деп талай адамды атып, талай адамды абақтыға айдап еді, енді сол колхозын өздері таратып отыр. Стәлін керек бұл елге, Стәлін! Шіркін, аяқ астынан тіріліп келсе жарықтық! Тура жиналыстарының үстіне кіріп барса! Көсемсіп, шешенсіп сөйлеп тұрғандардың талайы бұтына жіберіп, қалғандары бет-бетімен тұра қашар еді-ау! — Ол шаңқылдап күле беріп еді, ауылдастары іліп әкетпеген соң күлкісін жарым жолда кілт тыйып, сасқанынан жер шұқып жайына кетті. Төбе басындағы ақсақалдардың мәжілісі ауылдың жалпы жиналысына ұласып, күн тәртібіне «колхозды сақтаймыз ба, әлде тараймыз ба?» деген мәселе қойылды. Жиналыс «сақтаймыз» деп шешім қабылдады. Дауыс қорытындысы: сақтаймыз — 171, тарқаймыз — 4, қалыс — 9. «Тараймыз» деп дауыс берген төрт адамды «сақтаймыз» деп қол көтерген жүз жетпіс бір адам талап жеп қоя жаздады. Қалыс қалған тоғыз адамға да оңай тиген жоқ. Мінбеге шыққан «шешендер» қыруар мәселені жиып қойып, қарсы болғандар мен қалыс қалғандарды бірінен соң бірі шығып сыбап жатты. «Парламенттік мәдениет» дегенді бұл ауыл әлі жете меңгере қоймаған болатын, сондықтан, ашу-ызаға шыдай алмаған кейбіреулер айызы қанатын сөз таппай, қарсы болғандар мен қалыс қалғандарды тура шешеден боқтауға көшті. Боқтықтың 75-80 проценті