сөз, сөйтіп жүріп пейіштен дәметеді тағы. — Ал өзің ше? Пейіштен күдер үзіп пе ең? — Құдайға шүкір, саған қарағанда үмітім бар. Сен құсап аузыма не келсе соны оттамаймын. Бес уақыт намазым түгел. — Жалғыз намаз қай күнәңді жауып қарқ қылар дейсің. Бес уақтылы намазың көп болса насыбайға қосып сататын әгіңді ғана жуар, ал қырық түйеге жүк болатын қалған күнәңді қай жеріңе тығасың? Намаз оқыдым, сонымен бәрі бітті деп жүрсің ғой. Ол намаздың өзін дәрет алмай оқисың, оның бәрін қабылдай беретін Алла ақымақ дейсің бе? Оның үстіне алпысқа дейін арақ іштің, шылым шектің, төрт қатын қоя бердің… Енді насыбайға көштің. — Кісіге жала жапқан адамның өзі күнәһар. Мен жаман да болса намаз оқимын, ал сен құбыланың қайда екенін де білмейсің. Дәрет алған, алмағаныма үңіліп қарап тұратын сен менің қолымдағы құман емессің ғой. Олар осылайша бітіспес дауға кірісіп керілдесіп жатқанда клубтағы өзге жұрт та есін жиып, әлгі боқтаудан ешқайсысының тыс қалмайтындарына көздерін әбден жеткізіп алған соң, бұрынғыдан бетер құтырынып шыға келді. Мұндай бейбастақтыққа күйрете соққы беру үшін мінбеге ұмтылғандардың кезегі көбейіп, кезек тимейтініне көздері жеткендер сөйлеушінің сөзін бітіргенін күтпей-ақ онымен жарыса жөнелді, ал кейбіреулері орта жолда, енді біреулер тұрған-тұрған жерінде айғайға басты. Ешкім ештеңе ұғып болмады. Көп айғай-шудың ішінен: «үшеуі қайда, үшеуі?!» деген ызалы сөздер естіліп қалды. Сол кезде барып ашу-ыза кернеген жұрт қарсы болған баяғы төртеудің қалған үшеуін іздей бастады. Ал, олар болса мына дүлей күшке төтеп бере алмайтындарын сезіп, баяғыда-ақ «лидерлерінің» соңынан іле-шала тайып тұрған-ды. «Парламент» олардың орнын сипап қалды. Жиналысты төртінші бөлімшенің бұрынғы бастығы Шыдан басқарып отырған. Ол өзінің әлі күнге бастық, я бастық емес екенін де білмейді, сұрайтын да ешкім жоқ. Колхоздың бұрынғы басшыларының бәрі түгелдей сырттан келгендер еді, «шаруашылық тарайтын бопты» деген сыбыс шыққаннан-ақ олар өз жөндерін баяғыда тауып үлгірген-ді. Ауылда Шыданнан өзге ел басқарып үйренген ешкім жоқ, сондықтан жиналыстың төрағасы болып ол автоматты түрде сайланған. Президиумда шал-шауқан, молда мен мұғалім, сауыншылар мен бақташылар отыр. Шыдан жиналыс бастала салысымен жұртты тәртіпке шақыруға кіріскен, ондай тәртіп орнамады, қайта уақыт өткен сайын айғай-шу өрепкіп, ақыр аяғы жалпы берекесіздікке барып ұласты. Сиыр қайырған адамдай айғайлай-айғайлай Шыданның дауысы қарлығып, өкпесі өшіп, әбден қалжырады. «Оппозициядан» кек алу жөнінде туған жаңа даудан соң ол жиналыс тізгінінен біржола айырылып, халық басқарудан мүлде шығып кетті. Ақырында ол «пұл болмасаң, күл бол» дегендей шулаған зал мен трибуна жанында бірінің үстіне бірі мінгескен жұртқа ләм деп үн қатпай, бейқам қарап отыра берді. Боқтық пен бейәдеп сөздерге қой демеді де, ешкімді тәртіпке де шақырмады. «Ит боп өздері