ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ АРМАН

қояды, — деді ол ішінен. — Бес күн шуласа да мейлі. Тамақ менікі емес өздерінікі, жыртпақ түгілі айырып тастаса да өздері білсін». Оның ойлағаны болды. Түн жарымы ауа қарны ашып, қалжыраған жұрт құр айғайдан әбден шаршап, титықтап барып тынышталды. Саяси белсенділік пен пікір сайысына деген құмарлық артта қалып, енді әркім тамақ пен ұйқы қамын көбірек ойлай бастады. Кейбіреулердің балалары жылап, шал-шауқандар қалғи бастады. Насыбайшы шал ұйықтап кетіп, бір-екі рет алдыңғы орындықтың қыр арқасына маңдайын оңдырмай соғып алды. Соққан сайын бір ыңырсып, көріп қоймады ма екен дегендей «шатақ шалға» бір қарайды. Шатақ шал нағыз «парламентшіл» екен, ұйықтамақ түгілі екі көзі «Жигулидің» фарындай жалтырап, мұрты едірейіп, еліріп апты. Айғайға сүрең қосып, президиумға қарай әлдене деп сөйлеп қояды. Біршама сабасына түсе бастаған жұрт бір кезде қайта гуледі. «Долой!» «Долой президиум!» деген дауыстар естілді. Бұл сонда барып байқады, президиум мүшелерінің тең жартысы қалғып, бастары кегжеңдеп отыр екен. Арт жақтағы біреулер президиумға қарай қос жұдырықтай кәмек қауын лақтырып еді, онысы ойда жоқта атып тұрған шатақ шалдың басына тиіп, быт-шыты шықты. Кім ұрғанын білмек боп ол артына қарағанда өзеуреген жұрттан өзгені көре алмады. Соққы тиген соң оған реакция білдірмей отыра салуды ыңғайсыз көріп, артта түрегеп тұрған «күдікті» он шақты жігітке қарап: «колиган», «екістремис» деп орнына жайғасып еді, насыбайшы шал оянып алып, алдына кеп түскен қауынның сынығын шопақ-мопағымен жайбарақат жеп отыр екен. Бұл оған қарағанда, анау сасқанынан жеп отырған қауынның сынығын бұған ұсынып: — Жейсің бе? — деді. — Жоқ, өзіңе бұйыртсын. Таяқты мен жейін, қауынды сен же. — Қашан бітеді мына жиналыс? — Ертең. — Қап, намазым қаза болды-ау!.. — Өшшерде-ақ оқи бермейсің бе, бәрібір дәрет алмайсың. Ниетің түзу болса болды ғой. — Күнәһарсың сен, Желдібай, күнәһарсың. Даурықпа сөз бен айғай-шудан жалығып, жұрт біржола тынышталғанда Шыдан орнынан тұрып: — Ал, тағы кім сөйлейді? — деді, қасақана жұрттың қитығына тиіп. — Болды, сөз доғарылсын! — Қашанғы сөйлей береміз! — Неге? — деді жиналыс басқарушы. — Сөйлеңдер, айтыңдар, өзеуреңдер. Қарсы болған төртеуді отқа өртейтін болдыңдар, суға лақтырып, көрге тірідей көмбек болдыңдар. Ал, осылардың қайсысын орындайық: суға лақтырайық па, отқа өртейік пе, әлде тірідей көмейік пе? Қане, айтыңдар! Жұрт үндемеді. Ашулары тарқап, ақылдарына келген сияқты. — Қойшы, тірі жүре берсін, — деді көп ішінен біреу күңк етіп. Үндемеулеріне қарағанда, өзгелер де бұл ұсынысқа қарсы емес секілді. — Көрдіңдер ме, — деді Шыдан жұртты бетімен қоя беріп, шаршатып алған саясатының дұрыс боп шыққанына іштей масаттанған үнмен, — бағанағы екпінмен оларды отқа өртеп жібергенде қазір өкіріп жылап отырар едік. «Ашу алдында,

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11