ақыл соңында» деген осы. Бағана дүлей дүрмек едіңдер, енді халық болдындар. Жарайды, бұл мәселе өзінен-өзі бейбіт шешілді. Енді келесі мәселеге көшейік. Келесі мәселе — колхозға бастық сайлау болатын. Жиналысқа қатысушылар мұндай үлкен мәселені жұрт қалжырап отырғанда емес, ертең, арнайы дайындықпен келіп қарайық деген ұсыныс айтты. Ұсыныс бірауыздан қабылданып, жұрт дүрліге тарады. Колхоз бастығына кандидаттар тіркеу аса зор саяси өрлеу үстінде өтті. Бұрын-соңды мұндай еркіндікті көрмеген ауыл адамдары мінбеге бірінен соң бірі көтеріліп, өздерінің көңілі сүйген адамдарын ұсынып жатты. Нағашысы жиенін, жиені нағашысын, біреулер туысын, енді біреулер өздерін өздері ұсынды. Демократияның заңы бойынша ұсынылған адамдардың бәрі ресми тіркелуге тиіс болды. Жұрт жан-жақтан жапа-тармағай жақын-жұрағаттарын өткізуге тырысып, қызыл өңеш боп жатқанда шатақ шал Желдібай қасында отырған насыбайшыны түртіп қап: — Әй, тамыр, сен мені ұсынсаңшы, — деді. — Бастық боп кетсем саған да жаман болмайды ғой. Насыбайшы шал танымай тұрғандай оған есеңгіреп ұзақ қарады. — Сөйт, орныңнан тұрып-ақ айта сал. Әйтпесе қазір бітіп кетеді. — О, құдайдың құдіреті, осыны шын айтып отырсың ба? Сен колхозды қайтадан таратып жібересің ғой. — Оны тарап бара жатқанда айтарсың. Мен өтсем сені Шыданның орнына оправлайш қыламын. — Жұртқа мазақ болармыз, ойбай. — Болмаймыз. Қазіргі заманда өгіз туып жатса да сөкеттігі жоқ. — Сен — бастық, мен — опровләиіш. «Оправләиіш» деген сөзді де айта алмаймыз. — Осы кезде Шыданды жақтап сөйлеп тұрған бір мұғалім: «плюрализм» деп қалды. – Әне, естідің бе, ананың жаңағы айтқан сөзін екеуміз қырық жыл жаттасақ та айта алмаймыз. — Өй, сөзде тұрған не бар, қазір іс керек, іс! Ал, тұр да айт. Осылай да осылай, осында туып-өскен, колхоздың әр сиырына шейін таниды, пенсияға шыққанша бригадир болған де. — Шатақ шал-ау, сен… бұрынғы бригад қайтыс болғанда бір-ақ ай болып едің ғой, соның өзінде жұртты қырып жібере жаздағансың. — Көп сөйлемей тұрсаңшы орныңнан. Өтпесек шапанымызды шешіп алмас. Желдібайдың «тұр-тұрлауымен» насыбайшы шал орнынан көтерілді. — Иә, не айтасыз, ақсақал? – деді жиналыс бастығы Шыдан. — Мен… мен, Желдібайды ұсынам. Ол колхоздың әр сиырын таниды, осында туып-өскен, кезінде бригад болған… — Кім, кім? – деп сұрады Шыдан құлағын тосып. — Желдібай! Желдібай Тұрапов. Президиумда отырған Мәулен ақсақал: — Шатақ шал ма? — деп анықтап алды. — Иә-иә. Сол! Шатақ шал. Қазір ол шатақ емес, өзгерген. Жұрт ду күлді. Әр жерден әртүрлі сөздер бой көтере бастады. — Шіркіннің өзгергішін! Қашаннан бері ол өзгере қалып еді. Алдыңкүні ғана көзі шатынап көршісінің сиырына бесақа тығып алып еді ғой. «Оппозицияның» адамдарын бір елдің шпионы деп айғайлаған кешегі арық жігіт атып тұрып: