МӘҢГІЛІК ҚАҒИДА

күні әпкесі мен анасының сөзін естімесе, егер көршілері дәл сол күні үйінде отырған болса… «Ұрлыққа түспегенде басқалар секілді мен де бостандықта жүрер едім-ау, — деді ол ішінен. — Ұрлыққа түспегенде!.. Жалпы, ол мүмкін бе еді? Ұрлыққа түсу ниеті, сол күні ғана пайда болып па еді?» Өз ойына өзі терең үңіліп қараса біреудің бірдеңесін ұрлау деген ниет сонау бала кезден, тіпті, бесінші класта жүргенде-ақ пайда болып еді ғой. Сол ой алтыншы, жетінші, тіпті, ол бірінші класта жүргенде де кеңіл түкпірінен жойылып кетпеген-ді. Бірақ, ол ойды жүзеге асыра алмаған: не реті келмеді, не ұялды, қала берді қорықты да. Бұл бірінші класқа барған жылы әкелері асқазан рагінен қайтыс болды. Әкелері ежелден дімкәстау болды да, күнделікті тіршіліктің мұқтажынан асырып дүние де таппаған еді. Өзі көз жұмғанда кір басқан сақтық кітапшасында он бір сом қырық тиын ғана қалған-ды. Бұлар жетімдік пен жоқшылық тақсыретін бірден тартты. Алғашында алыс-жақын, ағайындары келіп-кетіп, реті келгенде қол ұшын беріп тұрып еді, әкелерінің жылы өткен соң олардың да іргелері бірте-бірте алшақтап, ақыры мүлде хабарласпайтын болды. Сөйтіп, «өмір» деп аталатын осынау қатыгез де тұңғиық мұхитта бұлардың кішкене ғана қайығы ешқандай бас иесіз, ешқандай жанашырсыз қалт-құлт етіп жалғыз жүзіп кете барды. Ол шиеттей мына балаларды «есею» деп аталатын есебі жоқ алыстағы үміт жағалауына аман-есен жеткізе ала ма, жоқ әлде алда жолығатын мың-сан дауылдың бірінде төңкеріліп қала бере ме, ол жағы бір тағдырға ғана аян-ды. Кішігірім автопаркте диспетчер боп істейтін анасы Биғанымның ақшасы бұлардың тек «аштан өліп қалмауы» үшін ғана жететін. Оның алатын жүз жиырма сомы бесеуіне бөлгенде жиырма төрт сомнан келуші еді, яғни, күнге шаққанда бір сомға да жетпейді. Ал, бәріне киім керек, оқу-құрал керек, мектепке алып кететін тиын-тебен тағы қажет. Кейде ол балаларын мектепке аттандыру үшін тиын таппай қатты күйзелетін. «Құдай-ау, сендерді қайдан ғана туып едім!» деп еденге отыра ғап ебіл-дебіл жылаушы еді. Балалары үн-түнсіз шығып кетеді. Қиындықпен, жоқшылықпен, қорлықпен іштей келіскен, қу тақыр кедейлікке көндіккен үнсіздік. Қара су, қара нанды қорек еткен осындай күндер өтіп жатты. Бала болған соң олардың өз оқиғалары болмай тұра ма? Бірігіп серуенге шығу, туған күндерін құттықтау, сүйікті мұғалімдеріне мереке сайын гүл сыйлау, газды су, балмұздақ, мектеп буфеті… Бұл үйдің балалары ондай «артық салтанаттың» бір де біріне қатыспайтын. Олардың осындай мінезіне үйренген өзге кластастары да бұларды туған күн, басқа да толып жатқан той-томалақтарына шақырмауды үйреншікті әдетке айналдырып алған-ды. Бір күні алтыншы класта оқитын Зүбайра үйге қуанып кірді. Қолында сары қағазға оралған үлкен бумасы бар. Даладан мәз-мейрам боп күліп кіру бұлардың үйінде кезігетін аса сирек құбылыс еді. Ол

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8