дейтін. — Жаңа сен не көрдің? — Ештеңе. — Ол қалтасынан сіріңке алып жатқанда жерге ақшасы түсіп қалды. — Түссе қайтеміз? — Жүр, барып алайық. — Ұстап алса ол өлтіреді ғой. — Өлтірмейді. Әне, ол таксиге отырып жатыр. Отырды. Енді қайтып келем дегенше… Екеуі әлгі жерге қайта оралды. Тротуардың жиегінде жатқан ақшаны көргенде жүректері лүпілдеп жан-жақтарына қарады. Азық-түлік дүкенінен бір еркек, бір әйел шығып тура осылай қарай жүрді. Олар таянғанша ақшаны ала қоюға батылдары жетпей, алмайын десе екеуі өздерінен бұрын иемденіп кетер деп қауіптеніп, не істерге білмей әрі-сәрі күйде тұрды. Елгезектеу Марат тротуардан шығып, ақшаны аяғымен баса қойды да, екеудің өтуін күтіп жансыз адамдай қалшиды да қалды. Ақыры олар да өтті-ау! Азық-түлік дүкенінің бұрышына барып екеуі ақшаны санап шықты. Жүз қырық сом екен. Ақшаның түскенін алғаш көргені үшін, оны осында ертіп келгені үшін және аяғымен басып тұрып оны өткіншілерден аман сақтап қалғаны үшін Марат жүз сомын алды да, бұған қырық сом берді. Бұл — көрінеу-көзге жасалған әділетсіздік еді. Арамнан табылған ақшаның өзі адал бөлінбеді. Андас ләм демей үйіне бұрылды. Жыларман халде келе жатып ол мұндай-мұндай әділетсіздіктің өз өмір жолында талай-талай кездесетінін және олар бұдан әлдеқайда терең, әлдеқайда тұңғиық боларын болжаған да жоқ. Ол камерада жатып сот процесін көз алдына қайта елестетті. Қайта елестеткен кезде зәбірленушілердің (яғни, үйі тоналғандардың) қылықтары есіне түсіп, қайтадан қаны қайнап шыға келеді. Зәбірленуші — бұлармен көрші еді. Бұлар көп қабатты үйдің бесінші қабатындағы екі бөлмеде, ал олар үш адам — өздері және ересек ұлы — екінші қабаттағы бес бөлмелі үйде тұратын. Күйеуі қалалық арақ-шарап заводында директордың орынбасары, ал, әйелі кондитер фабрикасының бір бөлімін басқаратын. Есіктерін екі-үш жыл сайын ауыстырып, сыртын темірмен қаптап қоятын-ды. Өздері көршілердің бірде-біреуімен араласпайды, тіпті, амандаспайтын да. Андас тоғызыншы класқа өткен жылы Зүбайра тұрмысқа шығатын болды. Оның бұл жаңалығын алғаш естігенде үй-ішіндегілер қуанарын да, мұңаярын да білмей үнсіз отырып қалып еді. — Енді қайттік! — деп күрсінді анасы, — Той жасап аттандыру былай тұрсын, жұрт көзіне көрсетіп құлағыңа сырға да сала алмайтын болдық-ау… — Қойшы, мама, жоқтан өзгені уайым ғып шыға келесің, сырға мен жүзікті олардың өздері алатын болды. — Сонда да… жерге қарап қалған байғұстар екен дейтін болды дә. — Олай демейді. Олар жақсы адамдар, мама. — Оған да шүкір. Құдай қашанғы жылата берсін, тым болмаса барған жеріңде бағың ашылса екен, жарығым… — Анасы қайта-қайта мұрнын тарта бастады. Әрине, ол кісінің мұндай әңгімені жыламай айтуы мүмкін емес. — Күйеу балаңызды ертең әкеп таныстырам, мама. Сонан соң… келесі жұмада… үйге құдалар келіп, сіздің