МӘҢГІЛІК ҚАҒИДА

алдыңыздан өтетін болды. Қызының үйіп-төгіп айтқан мына қуанышын бойына сіңіре алмай есеңгіреп қалған Биғанымның ойына күйеу бала мен құдалардың есік көріп, рұқсат сұрау үшін келе жатқаны, оларды күтіп алу ауыртпалығы түсіп, қызына аңырайып қарады да қалды. — Үй де мынау: айра-жайра. Қара су мен қара наннан басқа түк жоқ. — Ол тағы мұрнын тартты, — Қанша дегенмен жат жерге бара жатсың. Өз үйіңнен жарқыратып бір киім, жалтыратып бір сырға тағып кетпегеніңе сен емес бұ жақтағы біз пүшәйман боламыз да. Бір үйде тұрған соң адам ищай деспей өмір сүре алмайды, күндердің күнінде құдағиымның тілі шығып: «артыңнан іздеп келер жөні түзу бір адам жоқ, босағамды көшедегі киіммен аттап едің» десе көңілің пәс боп, қамығып қаласың ба деп уайымдаймын дә. — Кейінгіні кім болжап біліпті, мама. Кейінгіні кезінде көре жатармыз — Зүбайраның да даусы дірілдей бастады. — Бағың ашылсын, жаным… Қыз байғұстың бақытын еркекпен егіз ғып жаратқан соң не шара. Әйтеуір барған жеріңде жыламай жүрсең болғаны… — Тұрмысқа шықтым екен деп сендерді ұмытып кетпеспін. Қарайласып тұрамын ғой… — Өйтіп әуреленбе. Төркініне жылтыңдай берген келіннің қадірі кетеді. Бізді уайымдама. Андасжан да ер жетіп қалды ғой. Енді аз ғана шыдасақ біз де теңеліп кетерміз. — Бар үмітіміз осы үшеуінде ғой. Осы үшеуі үш азамат боп кетсе көрген қорлық, шеккен азап, бәрі-бәрі ұмыт боп шыға келер. — Тек құдай бәле-жаладан аулақ қылсын… — Сонда деймін-ау, үшеуі үш азамат боп, «кімнің баласы — пәленшенің баласы» деп ел тамсанып жатқанда өзің де мастанып, өзгелерді танымай кетерсің. — Зүбайраның көз жасымен шыланған мұңлы да арманды күлкісі сыңғырлай шықты. «Менің анам мен әпкем қандай ақылды, қандай мейірімді, қандай пәк, қандай жылауық, — деп ойлады Андас өз бөлмелеріндегі қатар тұрған үш сым кереуеттің біреуіне кеп жатқан соң. — Әйелдер неге әлжуаз, олар неге жылауық? Бәлкім, жылауық болатыны дәрменсіздігінен де шығар. Зүбәйра! Мен сенің осыншалықты ақылды екеніңді қалай байқамағанмын? Енді сен бұл үйден кетесің. Осы үйде тудың, осы үйде есейдің, ұрыстық, таластық, күлдік, жыладық, бәрі-бәрінде де бірге болдық. Бір-бірімізсіз ас ішпедік, біреуіміз кешіксек қалғанымыз көз ілмедік. Бір-бірімізсіз мына өмірді де көз алдымызға елестете алмаушы едік қой. Енді кеп… сен… кетесің, бізден бөлінесің. Біз көрмеген, көремін деп ойламаған жат үйге барасың, солардың тірлігін істейсің, жат біреудің фамилиясын аласың, бізсіз күлесің, бізсіз қуанасың… «Өмірдің заңы» дейді, неткен қатал заң!.. Мен сені дәрменсіз деймін-ау… Ал, мен ше? Сен дәрменсіз болғанда мен қандай қауқар танытып жатырмын. Сен үйден біржола кетіп барасың, ал біз сенімен жөндеп те қоштаса алмайтын болдық. Жұрт сияқты жасау беру былай тұрсын, үстіңе

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8