жаңа киім, құлағыңа сырға да таға алмадық… «үшеуміз үш азамат болғанда» деп армандайсың. Бірақ, ол… ол кейін ғой. Оған шейін сен балалы-шағалы боларсың, ол кезде сыйлаған сырғаның мәні де болмас. Жоқ, сен бүйтіп кетпейсің! Мен сені жетімсіретіп жібермеймін. Сен үшін, сенің нәзік жаның үшін, барған жеріңде басыңды көтеріп жүру үшін мен бір амалын табамын, Зүбайра!.. Мені құдай кешіреді! Кешіреді!..» Тапқан амалы осы болып еді. Көршілерінің екі-үш күнге басқа қалаға қыдырып кеткенін білетін. Үйде ешкім жоқта ол бесінші қабаттан жіп байлап екінші қабаттың балконынан түскен… Үй үй емес, кинолардан көретін асыл жиһаздардың музейінен аумайды екен. Ол тез арада өзіне керекті жүзік пен сырғаны таба алмады. Сонан соң айырбастап алармын деген оймен оңайда тұрған он екі алтын қасық пен он екі шанышқыны алды. Оларды түсіп қалмасын деп стол үстінде жатқан газетпен төрт-бес қабаттап мұқият орады да, балконнан жерге лақтырды. Мұндай үйде сигнализация дегеннің болатынын, оның бір ұшы милициямен жалғасатынын бала жігіт білмеген еді… Ол балконнан жерге түскенде қарсы алдында тұрған екі қызыл жағалыны көрді… Сот кезіндегі бір сәт есіне тағы оралды. — Айыпкер Андас Аяпбергенов! Сіз зәбірленуші Атажан Ибрагимовтің үйінен қандай заттар алғаныңызды өз аузыңыздан айтыңыз. — Мен ол үйден он екі алтын қасық пен шанышқы алдым. — Бұған қосарыңыз бар ма? — Жоқ. — Енді, зәбірленуші Атажан Ибрагимов айтсын. Айыпкер Аяпбергеновтің айтқанына қосыласыз ба? — Жоқ. Айыпкер Андас Аяпбергенов, менің көршім, әрі жақсы көретін інім, — ол басын шайқап күліп қойды, — алған заттарын жасырып отыр. Ол тек он екі алтын қасық пен шанышқыны ғана ұрласа біз оны кешірер едік. Жас бала, жасаған қателігін түсінер де, түзелер дер едік. Әңгіме одан көп заттардың жоғалғанында болып отыр. Рұқсат болса бәрін тізіп айтып шығайын. — Айтыңыз, айтыңыз. Ибрагимов қалтасынан милиция органының бланкісіне жазылған ресми қағазды алды да оқи бастады. — 12 мың сомдық екі люстра, он екі адамға арналған ас ішетін және шай сервисі. Үш парсы кілемі, төрт алтын сағат, әйелімнің алтын бұйымдарын салатын қобдишаны түгелімен, екі жапон магнитофоны, түрлі-түсті телевизор және жапондық видеомагнитофон, автомобильге қоятын дыбыс күшейткіші бар радио. Бәрін есептегенде 91 мың 500 сом. Айыпкерден мен осы шығындарды орнына келтіруді талап етемін. Басқа айтар сөзім жоқ. Милиция куәландырған мына актінің бір данасы өздеріңізде тігулі. Сот: — Айыпкер Андас Аяпбергенов, сіз бұл шығынды қанша мерзім ішінде өтеп шыға аласыз? — Мен он екі алтын қасық пен шанышқыдан өзгені білмеймін. — Сонда сіз ұрлыққа тәуекел еткенде тек қасық пен шанышқыны ғана алып, қалған заттарға тимедіңіз бе? — Жоқ. Адвокат: — Мен заседательдер мен