судьяға мына жәйтті ескерткім келеді. Атажан Ибрагимовтің үйінде арнаулы сигнализация бар, Аяпбергенов балконнан түскен сәтте оның жұмыс істегені белгілі, сол арқылы екі милиция ұрыны ұстап отыр. Демек, зәбірленуші атаған әлгі заттардың бәрін жалғыз адам он шақты минуттың ішінде алып кетуі мүмкін емес. Бұл жерде не Ибрагимов жолдас ұрланбаған заттарын ұрланды деп қосып отыр, немесе үйге ұры түскенін пайдаланып екі тәртіп сақтаушының өзі ұрлаған, я болмаса, екеуара келісушілік бар. Сотта айғай-шу көтерілді. Университетті үш-ақ жыл бұрын бітірген жас адвокат өзі қамқорлыққа алған адамын қорғай алмады. Бір адам он минуттың ішінде әлгіндей қыруар затты алып кете алмайтынын айыпталушыдан бастап айыптаушыға дейін жақсы білді, сезді, бірақ, қағаз жүзінде заң заңсыздық жағында еді. Әлімсақтан бері келе жатқан және бұдан кейін де жасай беретін: «Әлсізді әлді жеңеді» деген қағида бұл жолы да сүрінген жоқ. …Камераның есігі ашылды. — Аяпбергенов! Сыртқа шық! Ол есікке таянды. — Уақыт қанша болды? — Уақытты сұрап қайтесің, әлі алты жылың түгел. — Мені қайда апарасыз? — Кездесу бөлмесінде сізді періштедей бір бикеш күтіп отыр. Махаббаты күшті болуы керек, таңғы төртке дейін жылауын бір тоқтатпады. Зүбайра екен. Ол мұны көргенде орнынан ұшып тұрып, мойнына асыла кетті. Өксігін баса алмай ұзақ тұрды. — Көгершінім-ау, күнім-ау, ақылдым-ау, мұның не? Бұл қай қылығың? Андас үндемеді. –Өмір бойы жылап өтетіндей біз сорлы құдайға не жазып едік! Анау анаң байғұс ес-түсін білмей ол жатыр. Екі інің жұрт көзіне көрінуден қалды. Неге үндемейсің, айтсаңшы бірдеңе!.. Ол жауап қата алмады. — Мен үшін бе? Сен осының бәрін мен үшін істедің бе? Құрысын, құрып кетсін бәрі де. Сені түрмеге түсіріп мен күйеуге шықпай-ақ қойдым… Енді біздің өміріміз не болмақ! Сен ол жақтан қандай адам боп қайтасың?! — Жылама, жыламашы, Зүбайра! — ол тұңғыш рет тіл қатты. — Даусыңнан айналайын сенің!.. Мен қалай жыламайын, қалай?.. — Жылымды өтеп келгенде… мен… жиырма екіде ғана боламын. Сонан соң, бәрін өз қолыма аламын, Зүбайра. Тек жыламасаңдар болғаны. — Уақыт бітті! Зүбайра орнынан тұрды. — Жылама дедің ғой, енді жыламаймын, — деді Зүбайра қол сөмкесінен құрғақ орамалын алып. — Біз істі қайта қозғаймыз. Бүгін шағым жазып келдік. Қамықпа! — Ол Андасты үйде жүргендегідей шашынан еркелете сипап қойды. — Рұқсат берсе ертең мамаңды да ертіп келем… Сау бол! –Зүбайра інісінің екі бетінен алма-кезек сүйді де, мұны өзін жасауыл алып кеткенше тапжылмай қарап тұрды. Екі жетіден соң ол Сібір жақтағы жазықты балалар колониясына жөнелтіліп бара жатты. 30-40 адам «Ташкент — Иркутск» поезының темір торлы вагонына жайғастырылды. Жылау, сықтау, қоштасу. Поезд орнынан қозғалды. Бірінші Алматының таныс вокзалы