мен оған жалғасқан үйлер көзге оттай басылып, бірте-бірте шапшаңдығын үдетіп, артта қалып бара жатыр. Сәлден соң қала көзден біржола таса боп, кішкене елді мекендер тізбегі басталды. Бұл жақты ол көрген жоқ, бұл жақты ол танымайды. Таныс дүние артта қалды. Алда колония, сонан соң шын мәніндегі түрме. Өмірдің қатал да сұсты шындығы бүкіл бетпердесін сыпырып тастап, өзіне анық төніп келе жатқанын ол енді ғана, елден ұзай бастаған шақта ғана ұғынды. Бұдан екі жеті бұрынғы сот, ондағы айтылған сөздер, жабылған жала, адамдардың арсыздықтары мен имансыздықтары, бәрі-бәрі енді көз алдынан қайтадан, басқа бір қырынан тізбектеліп өте берді. Вагон дөңгелектерінің тарсылымен қабаттасып, оның миына осыған дейін төбе көрсетпеген мүлдем жаңа, мүлдем күтпеген бөлек ойлар кеп ұшқындап ене бастады. «Мен ғой сотталдым да кеттім. Қылмысым бар болса бар шығар, оны мойындамасқа лаж жоқ. Ал, үйіме ұры түсті екен деп соншама мың сомның дүниесін ол маған неге жапты? Дүниені тапқан үстіне таба түссем деп пе? Ол дүниенің бәрін неғылмақ, не үшін жимақ? Оның айтқандарын екі милиция неге жақтады, неге жалған актіге қол қойды? Осыншама дүниені бір адам он минуттың ішінде алып кете алмайтынын, мұның бәрі басқа бір мақсатпен жасалып отырғанын сот та, куәгерлер де іштей анық біліп отырды ғой. Сөйте тұра олар неге ананы жақтап, мені жақтамады? Неге? Неге? Себебі қайда? Жарайды, мен жазықтымын, ол үшін жазалануым керек. Ал, әлгілер ше? Қасық пен шанышқыға тоқсан мың сомның мүлкін қосып тіркеп, біреудің обалын ойламаған, өзгенің өмірі қиылып, көз-жасы көл боп жатса да шімірікпей аттап өте беретін дүниеқоңыздардың қылмысы қайда қалады? Оларды кім жазғырады? Анау екі милиция, анау соттар… Сонда… бұлар да бір-бірімен жалғасып жатқан шым-шытырық бірдеңе болғаны ма? Олар осы бойы сүттен ақ, судан таза боп бостандықта жүре бермек пе? Олар менен гөрі әлдеқайда қауіпті, әлдеқайда қатерлі ғой! Оларға неге заң жоқ, бар заңның өзі оларға келгенде неге оп-оңай бұрмалана салады? Әлде мен әлі ештеңе білмеймін бе? Оны білу үшін енді қанша жыл өмір сүруім керек? Білгенде не бітірем, біліп қана қойғаннан не түспек? Бәрібір ол осылай жалғаса беретін шығар. Бұл қағида қашанға дейін жалғаспақ? Он жыл? Жүз? Мың? Әлде мәңгі бақи ма? Баршаға бірдей Әділдік сонда ешқашан орнамай өтетін болғаны ма? Расымен солай ма? Дөңгелек тарсылы бұрынғысынан да күшейе түскен секілді. Енді олар тек тарсылдап қана келе жатқан жоқ, мұның тереңде жатқан сұмдық ойын: «тап солай, тап солай» деп растап келе жатқан сияқты. 25 қыркүйек, 1991 ж.