СОЦИАЛИЗМ ЗӘУЛІМІ

керек, өздерің-ақ бара беріңдер. Кімнің үйін су басса солар жүгірсін, бесінші қабатқа жеткенше қай заман! — Сенің мұның кісілік емес, — деді «шүршіт» Темірбек қатты ренжіп. — Бұрынғыдай емес, біріміздің үстімізде біріміз тұрып жатырмыз, тағдырымыз ортақ, үстіндегі адам астындағыны ойламаса не болғаны. Менің үйімді барып көрші, дүниеден безіп кетесің. Олар бірінші қабатқа түсіп, Темірбектің үйіне кірді. Оның әйел-бала-шағасы аузы-мұрындарын тұмшалап, резіңке етік киіп, қолға түскен ескі-құсқы киім-кешектердің бәрінен тосқауыл жасап, жиналған бәлей-бәтарды табалдырық арқылы сыртқа ағызуға әрекет жасап жатыр екен. Грузин Гамракели табалдырықты жұлып алып еді, бұрынғыдан деңгейі көтеріліп қалған интернационалды сулы-сілең басқыш арқылы сыртқа аға бастады. Бұлар сонда ғана көрді, өзге подъездің тұрғындары да дәл осылай әбігерге түсіп, бір сағаттан бері азан-қазан күй кешуде екен. Сәлден соң екі зәулім үйдің тұрғындары топырлап сыртқа шықты. Колхоздың бүкіл басшылары мен бөлімшенің атқамінерлері Пашаттың үйінде ауданға берілген рапортты атап өтіп, таңға жуық қана ұйықтауға жатып еді. Жазылмаған заң бойынша өзгеше категорияға бөлінген төрт басшы — бастық, парторг, бас агроном және бөлімше меңгерушісі үлкен залға, жерге төсек салдырып, енді ғана емін-еркін қорылға кірісіп кеткен еді. Балақтарын түріп алған он шақты адам сауыс-сауыс боп үйге кіріп келгенде, ауызғы үйде жүн сабап отырған Пашаттың шешесі қорыққаннан «көтек» деп орнынан атып тұрды. — Управляиш қайда? — деді «шүршіт» Темірбек амандық-саулықты аттап өтіп. — Е-е… ол әлгінде… Ойбай-ау, сен Темірбекпісің, өңің жылан қуғандай түтігіп кетіпті ғой, амансыңдар ма? — Аманбыз, аманбыз, — деді Темірбек уақыт оздырмауға тырысып. — Бастық керек еді. — Олар… бағана… — Кемпір не дерін білмей кібіртіктеп қалды. — Олар бағана кетіп қалып еді… — Қайда? — Қайдан білейін, маған айтады дейсің бе? — Черт! — деді Иван күйініп. — Елді су басып жатыр, ал олар кетеді қыдырып! Осы кезде төрт бірдей еркектен құралған квартеттің қорылы мықтап жабылған залдың есігінен өтіп бұларға жетті. Мұның сырын түсіне қойған Темірбек пен Ибатулла кемпірдің безілдегеніне қарамастан залдың есігін ашып ішке бас сұғып еді, олар өздерін кішігірім МТМ-ға еніп кеткендей сезінді. Шала бауыздаған малдай дөңкиген төрт еркек үйді басына көшіріп қорылдап жатыр. Олар бесеуі бес жақтан жүріп төрт еркекті әрең тұрғызып алды. Мүңкір-нәңкірдің алдында жауап беріп отырғандай төрт бастықтың мойындары салбырап, бастары бұлғақтап айтылған сөздерді шала-пұла ұғып алды да: «кете беріңдер, қазір жетеміз» деп оларды шығарып сап төсектеріне қайта құлады. Бастары мең-зең төрт бастық зәулім үйдің маңына келгенде түс ауып, құжынаған халықтың ашу-ызасы кенересінен шыққалы тұр еді. Алғашқы тексеріс басталды. — Бәрің надансыңдар, — деді Пашат өрекпіген біраз адамның сөзін тыңдап болып. — Жабайысыңдар, қалада тұруды меңгермегенсіңдер. Келе

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13