Сіз аң аулаудың қаншалықты қызық екенін білесіз бе? Ит тұмсығы өтпестей қалың өскен орман арасында киіміңізді шеңгелге жұлмалатып кешкілік бір қырғауылға шықсаңыз, немесе бұл дүниеде өзінен асар тірі жан жоқтай өзен жағасында қаннен-қаперсіз қара лайға армансыз аунап жатқан қауіпті де ақымақ қабанды ауласаңыз, бойыңыз бір көтеріліп, жаныңыз бір жаңғырып қалмас па! Ой-хой, дүние-ай десеңізші, ондай серуенге не жетсін, шіркін! Ал бірақ, мен өзім, осынша қызықтан бір рет жиреніп, аңшылықпен өмір бойы айналыспастай бір уақиғаның куәсі болдым. Дегенмен, әр уақиға әр адамға әртүрлі әсер етеді ғой. Менің «аңшылықпен айналыспаспын», деп айтуыма да сондай әртүрлі әсер етудің нәтижесі болар, ал сіздер, айналыса беріңіздер. Ол уақиға былай болған еді. Мен өзім айта қаларлықтай аңшы болмасам да, қолыма мылтық ұстап, қара күңгірт орман ішінде сандалып жүре беруді ұнататынмын. Кешке қарай үйге бір шүрегей немесе бір қырғауыл алып келмесем де, сол сандалып жүргеніме разы болушы едім. Бір күні Жаппар деген бір танысым аңға барайық деп қоймаған соң, дәл 1-май күні елең-алаңмен, соның үш аяқты мотоцикліне отырып, Сырдария жаққа бет түзедік. — Тым болмаса мейрамның алғашқы күнін ауылда өткізгеніміз дұрыс болар еді-ау, Жаппар, — деймін мотоциклге мініп жатып. — Түуһ, сен де соғады-ақ екенсің! Мейрам, мейрам. Мейрам деген не тәйірі! Кел отыр. Ауылдағы бар қызықты көзіңді ұзақ қысып тұрып бір қырғауыл атқанға айырбастамас едім, — деді ол ашуланғандай. Күні бұрынғы уәдемді бұзғым келмеді де, «жарайды» дей салдым. Ол мені айнып қалар деген адамша мотоциклді тез оталдырды да, бірден жүріп кетті. Бұл — менің Жаппармен екінші рет аңға шығуым еді. Өткенде екеуміздің арамызда біраз қолайсыздық жағдай болғанмен, кейінірек мен онысын кешіріп едім. — Оһ, шіркін, бүгін жолымыз болып, қырғауыл мен шүрегейлерді қайыстыра тиеп қайтсақ! — деп Жаппар рахаттана айғайлап, сөйлеп келе жатыр. — Сен өзің патрондарыңды алып шықтың ба, жоқ әлде, өткендегідей маған ортақ болғалы келемісің? Ай, бауырым, өзің аңшылыққа көп қызыға қоймайсың-ау деймін, ә? «Солай шығар» дейін деп тұрдым да, мотоциклдің арылдаған үнін жеңу үшін көп күш жұмсау керектігін ескеріп, ерінгендіктен үндемедім. Ал оның аузы тынбай келеді. — Әй, сен неге үндемейсің? Құдай біледі сенің ұйқың келіп отыр осы, — деп Жаппар ахахалап күліп жіберді. — Міне, нағыз аңшы деп сені айтса болады. Аңға бара жатып есінейді, ұйқысы келеді, тіпті болмаса, аңшылыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын басқа бір нәрсе туралы қиялдайды. Сайтаным білсін бе ондайлардың аңға не мақсатпен шығатынын. Бір үйрек те болса үйге алып қайтқанға не жетсін! Солай емес пе? — Солай, — дей салдым тынышталар ма екен деген ниетпен оның құлағына ернімді тигізе айқайлап.