СОЦИАЛИЗМ ЗӘУЛІМІ

бәрі бір өзіме көптік қылады ғой, бөлімше меңгерушісі Барақатов та аралассын» деп айтып еді, әуелі Пашат, сонан соң колхоз бастығы оған тарпа бас салды. «Қиындықтан қашу — коммунистке жат қылық. Партия уставында не деген? Сен белсенділіктен қашып отырсың», деді. Екеуі осылай деген соң өзге активтер де бұны жаппай сынап шықты, тіпті, партбилетін тартып алып, өзін қаңғытып жіберу керек дегендер де табылды. Қой ұрықтандыру пункітінің малдәрігері Оспан өзінің осындай жалтақ, сужүрек коммунистпен бір колхозда жұмыс істеп жүргеніне өкініш білдірді. Жиналыста отырған жиырма бір адамның бәрі қазақ, қазақ болғанда да көпшілігі орысша білмейтін, білсе де суды «уада» дейтін қазақтар еді, соған қарамастан Оспан өз ойын түп-түгел орысша айтып шықты. Сөз орысша айтылған соң жұрттың бәрі ұйып тыңдап, Сепентайдың адал коммунист емес екенініне, кемелденген социализм құрылысына қолынан келгенінше зиян келтіруге тырысып қалуға ниет етіп жүрген кертартпа элемент екеніне, сөйтіп, қала мен деревняның арасындағы айырмашылықты жойып, еңбекті творчество деп қарайтын көзқарасқа қарсы әрекет жасамақ болған қара ниет екеніне көздері анық жетті. Осы жиналыста Сепентай өз қателігін мойындап, идеялық ауытқушылықтан тез арада, тіпті, дәл қазірден бастап арылуға тырысатынын, партия қандай тапсырма берсе де бұлжытпай, дер кезінде орындайтынын айтып, әуелгі кезде солқылдақтық танытқаны үшін жалпы жиналыстан кешірім сұрады. Бір ғана дауыс артықшылығымен оған кешірім жасалды. Ертесіне ол облыс орталығына аттанды. Өмірінде үлкен мекемелердің есігін аттап үйренбеген Сепентай «облгорпроект» деген кеңседен жөндеп сөйлесетін адам таба алмады, тапқан адамдары өз беттерінше ештеңе шеше алмайтын боп шықты. Төртінші күн дегенде бұрыштағы бір кабинетте отыратын төрт-бес жігіттің бірі оған көмек бере алатынын, «Южказэлеватормелснабсбытстрой» деген мекемеде бір сәулетшіні білетінін, оның қолында дайын тұрған екі зәулім үйдің жобасы бар екенін, қаласа, ол жігітті шақырып сөйлесіп, жобасын «Социализм» бөлімшесінің өкіліне сатуға көндіре алатынын айтқанда бұл жүрегі жарыла қуанып, әлгі жігітке жата кеп жабысты. Олар «Южказэлеватормелснабсбытстройдың» сәулетші жігітімен екі күн бойы келіссөз жүргізді. Келіссөз бейтарап алаңда — қалалық демалыс паркіндегі көлдің «Арал» ресторанында мейлінше жылы шырайлы, екі жақты толық түсініскен жағдайда өтті. Бір айдан соң Сепентайдың қалада өткізген күндерінің алғашқы жемістері де көріне бастады. Облыс орталығынан «Социализм» бөлімшесіне қарай құрылыс материалдарын тиеген жүк машиналары, қыш қалаушылар мен сылақшылар, сәулетшілер мен бульдозершілер, жер өлшеушілер мен цемент құюшылар ағыла бастады. Сәулетші жігіттің колхозға жиырма мың сомға сатқан жобасы, шын мәнінде, бұрын ешкім қабылдамай, талай жердің табалдырығын тоздырып, ешқайда өтпей қалған жоба еді. «Социализм» бөлімшесіне қара жұмысқа адам керек екен деген хабар бұл төңірекке түгел тарап, маңайдағы жұмыссыз жүргендер де осылай қарай шұбыра бастады. Қара жолға шығып алып, өткінші машиналарға қол көтерушілер көбейді. — Айналайын, қайда барасың?

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13