— Өзің қайда баратын ең? — «Коммунизмге». Тұрғаныма бір сағат болды, ақысын берейін, ала кетші. — Жоқ, машинам бұзық. «Социализмге» әрең жететін түрім бар. — Ойбай, мейлі, маған да керегі сол. Бас-аяғы бір аптаның ішінде шағын бөлімше келімсектердің аяғының астында қалды. Пашат пен Сепентай ағылған адамдардың легінен қалай құтыларын білмей шақшадай бастары шарадай болды. Бөлімшенің негізгі жұмысын бригадирлер мен звеноводтарға жүктеп, екеуі түгелдей келімсектермен айналысты. Жұмысқа алатындарын алып, қалғандарын кері қуды. Әуелгі кезде бес қабатты екі үй салуға қанша жұмысшы керек екенін екеуі де есептеп алмаған екен, күпке тоғытатын малдай топырлаған мына тобырдан енді қаншасын қабылдап, қаншасын қайтару керек екенін білмей дал болды. — Қаншасын аламыз мына маңыраған бәлелердің? — деді Пашат бар ашуын Сепентайдан алып. — Қаладағы осындай үйге қаншама жұмысшы керек екен? — Ол — қала, ал біз — дала. Онда адамнан техника көп, ал бізде — бір кран, үш самосвал, басқа дым жоқ. — Мен сенен не бар, не жоғын сұрап тұрған жоқпын, мына үйге қанша адам керек, соны айт! — Егер техниканы шығарып тастайтын болсақ… ім… — Ол іштей санай бастады. — Ім… анау-анау, мынау-мынау. Бірінші қабатқа жиырма, екінші қабатқа — жиырма бес… үшінші қабатқа… төртінші, бесінші… Бір үйге жүз жиырма адам. — Әй, біз бес қабатты қатарынан салмаймыз ғой, алдымен біріншіні бітіріп алып, сонан соң екіншіге кіріспейміз бе? Немене, сенің адамдарың кірпішті аспанға қалай бере ме? — Ә, солай екен-ау. Әрине, бірінші қабат бітпесе екіншісін тұрғыза алмайсың, өйткені екінші қабат бірінші қабаттың үстінде тұрады ғой. — Міне, солай, прораб жолдас, Сендерге бәрін айтып отырмаса өздерің ештеңе білмейсіңдер. Сонымен, қанша адам? — Шама-шама, екі қос уыс бір кілә. Жүз елу адамды алып қалайық та, қалғанын қайтарып жіберейік. Ол да артық боп бара жатса қысқарта саламыз ғой. — Жарайды, қабылдай бер! Тек жұмысшылардың ұлттық құрамын қатал сақта. — Осы кезде шағын кеңсенің дәлізінде сығылысып тұрған адамдардың қысымына шыдай алмай көнмен қапталған көне есік ергенегімен ішке құлап түсті де, алдымен кіргелі тұрған оншақты адам табалдырықтан аса бере топырлай құлады. Құлаған адамдардың ши қалпақтарының біразы мыжылып, топалаң ішінен аман шыққан екі-үшеуі бөлімше бастықтарына қарай сытылып қаша жөнелді де, орта жолда болдырып барып аялдады. Сепентай опыр-топырдың ең астында көзі бақырайып жатқан арық жігітке қарап. — Фамилияң кім? — деді — Қамысбаев. — Мамандығың? — Тас қалаушы. — Ұлтың? — Қоңырат. — Мен сенен руыңды емес, ұлтыңды сұрап тұрмын ғой. — Қазақ… Сізді қоңырат деп естіген соң… — Бұ қазақ жұрттың астында жатып та руға бөледі. Жарайды. Қабылдаймыз. Ал, сенің руың..,